ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бір аптадағы жаңалықтарына қысқаша шолу

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бір аптадағы жаңалықтарына қысқаша шолу

Нұржан Нұржігітов Абай облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірде 5 жаңа су қоймасын салып, қолданыстағы 3 су қоймасын реконструкциялауды жоспарлап отыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Министрлік Зайсан ауданындағы Кендірлік өзенінде су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Жаңа су қоймасы 60 млн текше метр су жинай алады.

Қазақстан мен Нидерланд су тасқынына қарсы іс-қимыл және сала мамандарын даярлау жөнінде меморандумдарға қол қойды.

Қазақстанда су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы - еліміздегі су қорын ең көп тұтынатын сала. Ел аумағында жинақталатын жалпы су қорының 60%-ы немесе тәулігіне 40 мың тоннадан астам су ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін жұмсалады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен су шаруашылығы экс-министрі Нариман Қыпшақбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін «Отан» орденімен марапатталды.

Биылғы су тасқыны кезінде Қазақстанның су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам су жиналды. Айта кетейік, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Жиналған су экономика қажеттіліктері үшін пайдаланылады.

Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Сілеті су қоймасының су торабының қақпаларын ашу механизмдерін сынау үшін гидромеханикалық жабдықтарды орнату және тексеру іс-шараларын орындады. Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық су торабының қызметкерлері қарағайдың қылқан жапырақты бұталарының көшеттерін отырғызу арқылы су торабы аумағын абаттандырды.

Суару кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жуалы ауданында Ақсай және Көксай өзендеріндегі гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Тихий және Таракул каналдарын механикалық әдіспен тазартты.

«Қазсушар» мекемесінің «Д.Қонаев атындағы ҮАК» филиалы Іле ауданында гидротехникалық құрылысқа ағымдағы жөндеу жүргізді. Күрті Сол Жағалау магистральді каналының 3 шақырым бөлігі механикалық әдіспен тазаланып, 2 гидробекетке жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.