
Жаңа су қоймасы 60 млн текше метр су жинай алады. Бұл аймақтағы 20 мың гектар егістікті суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Су қоймасының құрылысы Шығыс Қазақстан облысы үшін стратегиялық маңызды жоба болып табылады. Оны іске асыру өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға, өнімділікті арттыруға және жергілікті шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз етуге тиімді ықпал етеді. Сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті аталған жоба бойынша инвестициялық ұсыныс әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне келісуге жіберілді. Оң экономикалық қорытынды алғаннан кейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады.
Айта кету керек, Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірледі, оған сәйкес елімізде жаңадан 20 су қоймасы салынады.