
Министр азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады.
Нұржан Нұржігітов аймақ тұрғындарымен кездесуді өңірдің су шаруашылығын дамыту жоспарлары туралы баяндамадан бастады. Мәселен, Абай облысында 5 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 3 су қоймасы реконструкцияланады. Бұдан бөлек, 17 каналды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл олардың және жалпы ұзындығы 114 шақырым болатын 4 су торабының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Абай облысының тұрғындары министрге Шар су қоймасын қайта жаңарту, «Қазсушардың» жергілікті филиалын ашу, су айдындарын жалға беру және т.б. мәселелер бойынша сұрақтарын қойды.
Есепті кездесуден кейін министр азаматтарды жеке қабылдады. Онда су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету, су қорғау аймақтарында тұрғын үйлер салу және көктемгі су тасқыны кезінде су басудың алдын алу туралы мәселелер көтерілді.
«Абай облысының тұрғындарына жылы қабылдау көрсетіп, белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіремін. Бүгін өте маңызды және өзекті мәселелер көтерілді. Біз бұл сұрақтар бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірге жұмыс істейміз. Ертең Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткіземін», - деп қорытындылады Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.