
Мақтаарал ауданының қырыққабат өсіретін шаруалары алғашқы өнімдерін жинай бастады. Дихандар егіс алқаптарына судың уақтылы және тұрақты берілгенін атап өтті.
Қырыққабат алқаптарын суару үшін Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының теңгеріміндегі К-20 каналы арқылы су жіберіледі.
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында - 5 млрд текше метр су бар. Қазақстанның оңтүстігіндегі егіс алқаптарын суару үшін су алынатын Тоқтоғұл су қоймасына (Қырғызстан) 7,5 млрд текше метр су жиналды.
Айта кетейік, ауылшаруашылығы - Мақтаарал ауданының негізгі табыс көзінің бірі болып табылады. Дихандар қырыққабаттың алғашқы өнімін көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.
«Биыл ерте өнім алудың ең басты себептерінің бірі - судың уақытылы келуінде. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуының арқасында бұл мәселе ерекше бақылауға алынып, шаруаларға су ерте әрі уақытылы жеткізілді»,- деді Мақтаарал ауылдық округінің жер испекторы Темірлан Оразов.