ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Жамбыл облысына жұмыс сапары

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Жамбыл облысына жұмыс сапары

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, су шаруашылығын дамыту және суару маусымына дайындық барысымен танысты. Министр алдымен елімізде су саласының мамандарын даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі - М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне барды.

Білім ордасы былтыр «Қазфосфат» ЖШС қолдауымен Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасын іске қосты. Бүгінде 7 студент аталған жоба бойынша Ресейде білім алып жатыр.

«Қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асқанына қуаныштымын. Су ресурстары және ирригация министрлігі білікті кадр даярлау бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Болашақ» білім беру бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» сияқты жаңа су саласының мамандықтары енгізілді. Қазақстандық студенттер осы жылдан бастап аталған бағыттар бойынша шетелде білім ала алады. Сонымен қатар, ведомство жанынан кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес құрылды»,-
деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Нұржан Нұржігітов оқу корпустарын, зертханалар мен жылыжай кешенін аралап, университет оқытушылары мен студенттерінің ғылыми әзірлемелерімен танысты.

Мәселен, университет ұстаздары мен студенттері мақта қауызынан ластанған суды қайта тазалайтын сүзгі әзірлеген. Жоба авторлары әзірлемеге қазірдің өзінде шетелдіктер тарапынан қызығушылық жоғары екенін айтады. Университет қабырғасында жасалған тағы бір маңызды әзірлеме - су үнемдейтін тыңайтқыш. Органикалық қалдықтардың негізінде жасалған тыңайтқыш топырақтың құнарлығын арттырып, ылғалды узақ уақыт сақтайды. Нұржан Нұржігітов министрлік мамандары аталған әзірлемелерді мұқият зерттеп, өндірісе пайдалану мүмкіндіктерін зерделейтінін мәлімдеді.

Нұржан Нұржігітов облыстық әкімдікте өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен жиын өткізді. Кеңесте өңірдің су шаруашылығын дамыту және суару маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде әрбір өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған алқаптардың көлемін ұлғайту үшін нақты индикаторлар белгіленгенін айтты. Оған сай, Жамбыл облысы биыл су үнемдеу жүйесі бар егістіктердің ауданын қосымша 22 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 73 мың гектарға дейін жеткізуі керек.

Елімізде шаруаларды су үнемдеуге және оны тиімді пайдалануға ынталандыру мақсатында бірқатар қолдау іс-шараларын енгізді. Атап айтқанда, шаруалардың ұңғыма бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі 80%-ға дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиядау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүрігізіліп жатыр.

Жиында жауапты басқарма басшыларының, Шу-Талас бассейндік инспекциясы мен «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облысы филиалы директорларының вегетация кезеңіне дайындық бойынша баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын әзірлейтін отандық және шетелдік компаниялар өз өнімдерін таныстырды.