
Еркеболат Сәулебеков су шаруашылығы саласында 16 жылдан астам еңбек етіп келеді. Қарапайым жұмысшыдан бастап, «Қ.Сәтбаев атындағы канал» Қарағанды филиалының электромеханигі қызметіне дейін көтерілді.
Қ.Сәтбаев атындағы канал - әлемде теңдесі жоқ гидротехникалық құрылыс саналады. Себебі ол 418 метр биіктікке су көтереді. Каналдың жалпы ұзындығы - 458 шақырым. Бүгінде Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарын сумен қамтамасыз етіп отыр.
«Канал бойында 22 сорғы станция бар. Мен 17-ші сорғы станциясында электромеханик болып жұмыс істеймін. Станциядағы гирдрокүштік қондырғылардың елімізде баламасы жоқ. Сол себепті оны тек өзіміздің мамандар ғана жөндей алады»,- дейді Еркеболат Сәулебеков.
Айта кету керек, Қ.Сәтбаев атындағы каналда талай жыл еңбек етіп жүрген отбасылық династиялар көп. Соның бірі - Сәулебековтар әулеті. Бүгінде Еркеболаттың өзі, әйелі, қызы мен қарындасы осы су шаруашылығында қызмет етіп жатыр. Ағасы мен жеңгесі осы жерде жұмыс істеп, зейнетке шыққан.
«Біз өзімізге тиесілі облыстарды сумен қамтамасыз ету үшін қысы-жазы, 24/7 еңбек етіп жатырмыз. Тіршілік нәрін тасымалдау үшін біздің агрегаттар тәулік бойы жұмыс істейді»,- деді электромеханик Еркеболат Сәулебеков.