СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СУ ҮНЕМДЕУ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СУРЕТ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СУ ҮНЕМДЕУ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СУРЕТ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған су үнемдеу тақырыбындағы республикалық сурет және шығармалар байқауы өз мәресіне жетті. Байқауға еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам жұмыс келіп түсті.

Айта кету керек, байқауға қатысқан барлық үміткерлер министрдің атынан алғыс хаттармен марапатталады. Ал, жеңімпаздар ересек адамның жетекшілігімен Астанаға, су ресурстары және ирригация министрінің қатысуымен өтетін марапаттау рәсіміне шақырылады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтау оңай болған жоқ. Байқау жеңімпаздары қызу талқылау мен дауыс беру арқылы белгілі болды.

Нәтижесінде, «Үздік сурет» аталымы бойынша, 5-10 жас аралығындағы үміткерлердің арасынан Ақтөбе қаласы №19 орта мектептің 4 сынып оқушысы Шыныбай Айзеренің жұмысы үздік деп танылды. Ал, 11-16 жас аралығындағы қатысушылар арасында Павлодар облысы Песчаное ауылы
ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Ситников Сергей жеңімпаз атанды.

Қатысушылардың байқауға дайындаған жұмыстарының мазмұны терең, сапасы өте жоғары болды. Сол себепті министрлік аталған номинацияда жеңімпаздардың санын көбейтуді жөн санады. Осылайша, Ақтобе қаласы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның 10 Б сынып оқушысы Мақсат Әлияның жұмысы да үздік деп танылып, жүлдеге ілікті.

Ал, «Үздік шығарма» номинациясында Астана қаласындағы физика-математикалық бағыттағы НЗМ 9G сыныбының оқушысы Нұрхат Әмина мен Атырау облысы Құрманғазы ауданы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің 8 сынып оқушысы Байзул Гүлсімнің жазған шығармалары жеңімпаз атанды. Аталған қатысушылар өз шығармаларында су үнемдеу тақырыбын терең зерттеп қана қоймай, мәселені шешу жолдарын көрсеткен.

«Алдымен, белсенділік танытып, байқауға қатысқан барлық үміткерлерге шығармашылық еңбектері мен су үнемдеу тақырыбына қызығушылық білдіргендері үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Бұл біздің министрлік ұйымдастырған алғашқы бірақ соңғы байқау емес. Алда, әрбір қазақстандық өз талантын көрсете алатын басқа да байқаулар болады. Сол себепті біздің хабарландыруларымызды мұқият қадағалап, белсенді атсалысуға шақырамын»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.