СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ИРАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ҚАЗАҚСТАНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ИРАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ҚАЗАҚСТАНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су үнемдеу және суару технологияларын әзірлеумен және енгізумен айналысатын ирандық Nasr Corporation Group компаниясының өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда іске асыруға болатын жобаларды талқылады.

Шетелдік кәсіпкерлер еліміздің су ресурстары және ирригация министрлігін құру жөніндегі бастамасына жоғары баға берді. Иранда да су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі өте өзекті болғанына қарамастан, осыған ұқсас функцияларды орындайтын ведомство жоқ екенін атап өтті.

Nasr Corporation Group өкілдерінің айтуынша, суды дұрыс пайдалану суармалы жерлерді толық қамтуды және олардың өнімділігін айтарлықтай арттырып, топырақ сапасын жақсарта алады. Сондай-ақ, ирандық кәсіпкерлер жер асты және еріген қар мен мұз суларды жинақтау технологиялары туралы айтып, өз елдерінде жүзеге асырған жобаларды атап өтті. Нақты айтқанда, Иранның батыс аймағында 500 мың гектардан астам жерді суару жобасын мысалға келтірді.

«Біз су ресурстарын тиімді пайдалануға және жинақтауға бағытталған заманауи технологияларды енгізуге ниеттіміз. Сондықтан қазір шетелдік компаниялармен еліміз бойынша бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру бойынша белсенді түрде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жоғарыда аталған жобалардың құнын анықтау үшін Nasr Corporation Group өкілдерімен де келіссөздерді жалғастырамыз. Сондай-ақ, міндетті түрде ұсынылған өнімдерді басқа өндірушілердің аналогтарымен техникалық-экономикалық салыстыру жүргіземіз», - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.