ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ

АЙТЫЛДЫ:

«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек».

ОРЫНДАЛДЫ:

 Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бойынша 2027 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 текше шақырым су жинайтын 8 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Яғни, бірінші кезеңде су жетіспеушілігі мәселесі бар аймақтар тұрақты түрде сумен қамтамасыз етілетін болады.

Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жаңадан 12 су қоймасы салынады. Бұл кезеңде еліміздің өзге де өңірлерінде су қорын жинау және тіршілік нәрімен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.

 Тұжырымдамаға сай, қолданыстағы 15 гидротехникалық құрылыс реконструкциядан өтеді. Бұл іс-шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға және аймақтарды тұрақты су қорымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сондай-ақ, 3,5 мың шақырым суару желісін реконструкциялау және суды есепке алуды цифрландыру арқылы суару кезінде судың ысырабын азайту жоспарланып отыр. Заманауи технологиялар су шаруашылығын бақылауға мүмкіндік береді, шығындарды азайтады және маңызды табиғи ресурсты тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы осы және өзге де іс-шаралар су ресурстарын ұтымды басқаруға, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталып отыр.