
ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды.
Вице-министр Шу ауданында ирригациялық және дренажды жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі (ПУИД-2) шеңберінде су шаруашылығы нысандары құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта жұмыстың 50%-дан астамы аяқталды, бірақ жобаға өзгерістер енгізу қажеттілігіне байланысты құрылыс тоқтатылды.
Тексеру қорытындысы бойынша су шаруашылығы комитеті мен бас мердігерге шаруаларды сумен қамтамасыз ету үшін 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
Нұрлан Алдамжаров «Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасын қалпына келтіру жұмысы. 2-ші кезең» жобасы бойынша жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, Тасөткел су қоймасының бөгетін нығайту жөніндегі жұмыс барысын бақылады. Вице-министр Жамбыл облысы әкімдігінің және мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, осы жылдың соңына дейін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ал «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына су қоймасын келесі жылдың суару кезеңіне дейін су алу режиміне қою, сондай-ақ экологиялық су жіберу қажеттілігі үшін қажетті су көлемінің жинақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жамбыл облысының Меркі, Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарында вице-министр «Қазсушар» РМК жергілікті филиалының өкілдерімен бірге Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірге жүзеге асырылып жатқан суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
«Әрбір нысанда жобаларды іске асыру бойынша проблемалық мәселелер қаралды, оларды шешу жолдары талқыланды және барлық қатысушыларға құрылыс-монтаж жұмыстарын уақтылы және сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, мердігер ұйымдарға 2024 жылдың суару кезеңіне дейін ауыл шаруашылықтарына су беруді уақтылы қамтамасыз ету тапсырылды, ал тапсырыс беруші - «Қазсушар» РМК-на егер нысандар мерзімінде тапсырылмаса, шартқа сәйкес мердігер ұйымдарға қатысты айыппұл санкцияларын қолдану туралы тапсырма берілді»,- деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.