СУ СЕКТОРЫН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢА СУ КОДЕКСІН ӘЗІРЛЕУ: СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ БҰҰ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

СУ СЕКТОРЫН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢА СУ КОДЕКСІН ӘЗІРЛЕУ: СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ БҰҰ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдерімен кездесті. Тараптар су секторын цифрландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты және басқа да маңызды мәселелерді талқылады.

БҰҰДБ-ның еліміздегі тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа ұйым Қазақстанның су саласын жаңғырту және су ресурстарын басқару жөніндегі бастамаларын стратегиялық деңгейде қолдауға дайын екенін атап өтті. Атап айтқанда, елімізде су секторы үшін флагмандық IT-өнім жасауға және оны ілгерілетуге көмектесуге ниетті.

Сонымен қатар, БҰҰ Даму бағдарламасы отандық әзірлеушілер мен инженерлерге кеңес беру үшін Түркиядағы аймақтық кеңседен техникалық мамандарды тартуға дайын.

Нұржан Нұржігітов өз кезегінде БҰҰДБ өкілдеріне жаңа Су кодексін әзірлеуге, сондай-ақ Қазақстан мен көрші мемлекеттер арасында су ресурстары бойынша ақпарат алмасуды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруға қатысуды ұсынды.

Сондай-ақ, министр жоғарыда аталған барлық мәселелер егжей-тегжейлі талқыланатын және пысықталатын іс-шаралар жоспарын жасау жөнінде бастама көтерді.

«Бұл кездесу біздің тығыз және белсенді қарым-қатынасымызға серпін береді деп үміттенемін. Бұл ынтымақтастық су секторындағы проблемаларды шешуге көмектеседі деп сенемін. Қазақстан, атап айтқанда біздің министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан ашық»,деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

 

ҚР Су ресурстары және ирригация

министрлігінің баспасөз қызметі