Жамбыл облысындағы арнасы кепкен 7508 гектар аумаққа су жеткізілді

Жамбыл облысындағы арнасы кепкен 7508 гектар аумаққа су жеткізілді

Әулиеата өңірінде тозығы жеткен  64,56  шақырымды құрайтын тарихи су арналары қайта іске қосылды. Тіршілік нәрінің тапшылығынан егінсіз бос далаға айналған 7508 гектар суармалы алқапқа қайта жан бітіп, шаруалардың игіліне берілмек.

«Еуропа қайта құру және даму банкі» мен ҚР Үкіметі арасындағы әріптестікті күшейту туралы келісімге сәйкес,  Қордай ауданындағы Колос, Объединенный, Каска Су, Косу Ак, Благовещенский, Октябрьский, Успеновский, Коллектор Карасу-2 магистралды каналдары мен Георгиевский арнасының   оң және сол жақ жағалауындағы су шаруашылығы нысандарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қайта қалпына келтірілген канал жүйелері суармалы алқапты сумен қамтуға толықтай дайын.  Ендігі кезекте  аталған арналарға тікелей тәуелді  шаруалар «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына қарасты Қордай ауданындағы өндірістік бөлімшеге барып,  келісім-шартқа қол қою арқылы суды тұтына алады.

Сондай-ақ, биыл Жамбыл облысындағы тозығы жеткен гидротехникалық нысандарды қайта қалпына келтіру арқылы, 53,965  мың гектар суармалы алқапты да қайта айналымға енгізу жоспарлануда.

Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарындағы су шаруашылығы нысандарын жаңғырту бойынша 2019-2024 жылдар аралығында 31 жоба қолға алынып,  380,9 шақырымды құрайтын  264 су шаруашылығы нысаны күрделі жөндеуден  өтеді деп күтілуде.

Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары егілген егістіктің жалпы көлемі 200 мың гектардан асады.

Айта кету керек, өңірдің барлық су көздеріндегі суаруға қажетті су көлемі 1284 миллион текше метрді құрайды. Жамбыл облысына 80 пайыз су вегетация кезеңінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. Қырғыз гидрометінің болжамы бойынша, таулы және тау етегіндегі аймақтарда қардың қоры және ылғал жиналу кезеңіндегі жауын-шашынның мөлшері орташа жылдық нормадан 72-100 пайыз  көлемінде деп  болжануда. Сол себепті жоспарланған көлемді толық ала алмау қаупі бар және суармалы  су алу кезінде су жетіспеушілігі мәселесі туындауы  да  мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері  суармалы маусымда өзендердегі ағын су тапшылығы ықтималдығын назарға ала отырып,  суды аз қажет ететін өнімдерді отырғызу, су үнемдеу технологияларын пайдалану және ысырапқа жол бермеу мәселелеріне мән беруі тиіс.

Биыл Шу өзені арқылы 222 миллион текше метр, Талас өзені арқылы 520 миллион текше метр су  алу жоспарлануда. Қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалану үшін және ағымдағы вегетацияны тәуекелсіз жүргізу мақсатында «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы, жергілікті басқару органдары мен ауыл шаруашылығы басқармасы бірлесіп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.