
Бұл туралы Түркістан облысында өткен ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, оны тиімді пайдалану мәселелері бойынша көшпелі отырысында белгілі болды.
Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген.
“Осы бағыттағы Түркістан облысының жасап жатқан жұмыстарының бәрін үлгі ретінде алуға болады. Сөз жоқ, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры деп айтсақ та болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймаларын салу бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ»,- деп атап өтті Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.
Жиында ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің ағын суға деген тапшылығын шешу бағытында Үкіметтік және жергілікті деңгейде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылғаны туралы тілге тиек етілді. Сондай-ақ, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Су ресурстарының қалыптасқан тапшылығына байланысты су ресурстарын үнемдеу мақсатында бақылау мен есепке алуды енгізу мәселесі өте өзекті болып отырғанын айтты. Бұл ретте министрлік 2025 жылға дейін шамамен құны 192,0 миллиард теңге (бас және өзге де құрылыстарды қоспағанда) 4,0 мың километр астам суару желілерін қайта жаңартуды және салуды көздеп отыр.
“Бұл нәтижесінде су шығынын жылына 40-тан 17%-ға дейін немесе жылына шамамен 1,5 текше километр төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2020 жылы Мақтарал ауданындағы К-19 магистралды каналын цифрландыру бойынша алғашқы пилоттық жоба іске асырылды, онда суды есепке алу және бақылау жүйесі орнатылған.”-, деп атап өтті экология министрінің орынбасары Серік Қожаниязов.
Бұдан бөлек келелі жиынға қатысқан “Қазсушар” РМК Бас директоры Алтай Елжасов, аталған өңірде ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін, облыста алғаш рет тариф бектілгенін (1000 м.3 ағын су үшін 328,6 теңге) айтты. . Нәтижесінде, шаруаларға ағын суды тек қажеттілікке сәйкес бөлу тәртібі енгізілген.
“«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бойынша ірі су нысандарын іске асыру нәтижесінде, Түркістан өңіріне 200 млн.м3 ағын су қосымша жеткізіледі.”-, деп атап өтті Алтай Елжасов.
Айта кетейік, Түркістан облысында қаржыландыру көлемі қарастырылған 153 миллиард теңгеге жобалар іске асырылуда, бұл барлық қарастырылған инвестициялардың 50%-ын құрайды.