Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері!
Өзен бассейндерінде қалыптасқан гидрометеорологиялық жағдай жөнінде қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.
Слайдта көрсетілгендей оныншы (10) ақпандағы мәлімет бойынша Қазақстанның жазық жерлерінде қардағы ылғал қоры келесідей болып табылады:
- Ақмола облысының Шағалалы өзені алабында қар қоры көпжылдық орташа мәннен жиырма тоғыз пайызға (29%) жоғары.
- Солтүстік Қазақстан облысының Есіл өзені, Ақмола облысының Селеті өзені және Қостанай облысының Тоғызақ өзені алаптарында бұл көрсеткіш көпжылдық орташа мәннің шамасында.
Еліміздің жазық жерінің басым бөлігінде қардағы ылғал қоры көпжылдық орташа мәннен төмен. Атап айтсақ:
- Ақмола және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш жеті (7%) пайыздан отыз тоғыз (39%) пайызға дейін төмен; (Жабай, Колкутан өзендерінде (-30%), Есіл өзені (-10%) Астана су қоймасына; Нұра өзені (-10%) Самарқанд су қоймасына, Шерубайнұра өзені (-20%) Шерубайнұра суқоймасына);
- Қостанай облысында - жиырма төрт (24%) пайыздан елу екі (52%) пайызға дейін төмен (Тобыл өзені -30%);
- еліміздің батыс өңірлерінде - жиырма (20%) пайыздан жетпіс сегіз (78%) пайызға дейін төмен көрсеткіш тіркеліп отыр.
Осыған байланысты еліміздің жазық аумақтарындағы өзендердің басым бөлігінде су нормадан төмен болады деп күтілуде.
Сонымен қатар, күзгі топырақ ылғалдылығын да ескерген жөн. Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзен алаптарында аталған көрсеткіш орташа жылдық мәндерден тоғыз (9%) пайыздан елу (50%) пайызға дейін жоғары.
Ал басқа аймақтарда бұл көрсеткіш орташа жылдық мәндерден он төрт (14%) пайыздан жетпіс сегіз (78%) пайызға дейін төмен.
Оған қоса, топырақтың қату деңгейі ағымдағы жылы Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында орташа алғанда он алты (16) сантиметрден жүз қырық үш (143) сантиметр аралығында жатыр.
Қар қорының жинақталу кезеңі наурыз айында әлі де жалғасады. Күн күрт жылынған жағдайда жазық өңірлерде еріген қардан су қалыптасып, кей аймақтарда су басу орын алуы мүмкін.
Республиканың таулы аймақтарында қар қоры бойынша жағдай келесідей. Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма су қоймасы аумағында қар қоры жылдық орташа мәндерден жиырма алты (26%) пайыздан қырық тоғыз пайызға (49%) дейін төмен.
Ертіс өзенінің сол жақ саласында аталған көрсеткіш орташа көп жылдық мәндердің шегінде.
Жамбыл және Түркістан облыстарының тауларында қар қоры орташа көп жылдық мәндерден қырық (40%) пайыздан сексен екі (82%) пайызға дейін, ал Алматы облысының тауларында – жиырма бес (25%) пайыздан елу алты (56%) пайызға дейін аз.
Сонымен қатар, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан аумағында қар қоры орташа көп жылдық мәндерден отыз (30%) пайыздан алпыс (60%) пайызға дейін аз екенін айта кету керек.
Бұл дегеніміз, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы өзендердің көпшілігінде биылғы жылы су аз болады деп болжанады.
Наурыз айының синоптикалық болжамына сәйкес ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде климаттық нормадан жоғары болады.
Қар жамылғысының аздығына қарамастан, алдағы күндерде (24-26 ақпан күндері) еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр) күтілуде. Ол өз кезегінде еріген қардың суымен қосылып, тасқынға алып келуі мүмкін.
Қазгидромет наурыз айынан бастап апта сайын негізгі гидрологиялық болжамдарды ұсынады. Онымен қоса, су тасқыны қаупінің пайда болуы туралы алдын-ала 2-3 күн бұрын хабарлап отырмақ.
Гидротехникалық құрылыстарды тасқын суларға дайындау мақсатында Министрлік жанында Су тасқынына қарсы комиссиялар құрылды және тасқын суларды апатсыз өткізуге қажетті шаралар қабылдануда.
Болжамға сүйене отырып, тасқын суларды қауіпсіз өткізу және оларды қажетті жобалық көлемге дейін толтыру үшін су қоймаларының жұмыс режиміне түзетулер енгізілді.
Бүгінгі күні ірі су қоймаларының орташа толымдылығы алпыс-жетпіс бес (60-75%) пайызды құрайды. Бұл ағымдағы кезең үшін қалыпты болып табылады.
Бүгінгі күні қырық бір (41) апаттық су қоймасын қалпына келтіру бойынша жұмыс жалғасуда. Оның он бірі (11) қалпына келтірілді, соның нәтижесінде он төрт (14) мыңнан астам тұрғыны бар он бес (15) ауылдық елді мекенде (Алматы, Ақтөбе, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстары) су басу қаупі жойылды.
Ағымдағы жылы тағы он (10) су қоймасын қалпына келтіру жоспарлануда. Қалған жиырма (20) су қоймасына қатысты жұмыстар алдағы (3) жылдың ішінде аяқталатын болады. Бүгінде осы нысандар су жинағыш ретінде емес, су өткізгіш ретінде қолданылып отырғандықтан, су тасқыны кезінде қауіп төндірмейтіндігін атап өткім келеді.
Жалпы, алдын ала болжам бойынша өзендердің сулылығы қалыпты деңгейде не одан төмен деп күтілуде.
Республикалық меншік объектілеріндегі су шаруашылығының жағдайы Министрліктің тұрақты бақылауында.
Бұл ретте, коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне облыс әкімдерінің назарын аудару қажет деп санаймыз.
Баяндама аяқталды, назарларыңызға рахмет.