
Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Серік Қожаниязов 2020 жылдың қорытындылары мен су ресурстары саласындағы биылғы жылға арналған жоспарларды жариялады.
Оның айтуынша, жыл бойы шектес елдермен су мәселелері жөніндегі бірлескен комиссиялардың отырыстары өткізілді.
Мәселен, суармалы судың тапшылығын шешу мақсатында қырғыз тарапымен келіссөздер барысында электр энергиясымен тауар алмасу бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Нәтижесінде Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн. м3 көлемінде суармалы суды қосымша ағызу қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ұқсас схема бойынша Тәжікстан аумағынан БахриТочик су қоймасынан 300 млн. м3 көлемінде қосымша су ағызу қамтамасыз етілді.
«Сырдария өзенінің бассейні бойынша ынтымақтастық мәселелерінде Өзбекстан Республикасымен әрірептестік маңызды рөл атқарады. Өткен жылы елдер арасындағы су қатынастарының барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жұмыс тобының 11 отырысы өткізілді, оның шеңберінде жоспарланған мәселелерден басқа Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты мәселелер қаралды», - деп атап өтті вице-министр.
Ресей Федерациясымен ынтымақтастық шеңберінде 2020 жылғы қазанда Жайық және Ертіс өзендерінің бассейндерінде ынтымақтастық және зерттеулер жүргізу жөніндегі Жол картасына қол қойылды.
«Нәтижесінде тараптар трансшекаралық өзендердің гидрологиялық ағынын, бірінші кезекте Жайық өзені бассейнін жақсарту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтін болады», - деп атап өтті Серік Қожаниязов.
Сонымен қатар Экология министрінің орынбасары өткен вегетациялық кезеңнің қорытындылары туралы хабардар етті. Оның мәліметтері бойынша 2020 жылы республика бойынша нақты су тарту 13,3 км3 құрады.
«Айта кету керек, су тартудың барлық республикалық көлемінің 97%-ы төрт Оңтүстік облысқа – Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Қиындықтарға қарамастан суармалы су беру жоспары орындалды», - деді вице-министр.
Сонымен қатар, өткен жылы қанағаттанарлықсыз жағдайдағы 11 мың км магистральдық және шаруашылықаралық арналардың 813 км жөнделді, бұл тасымалдау кезіндегі шығынды 166 млн. м3 қысқартуға мүмкіндік берді. Суармалы жүйелердің қалпына келтірілген инфрақұрылымы айналымға 53,5 мың га енгізуге мүмкіндік берді.
«К-19 магистралды каналын цифрландыру бойынша алғашқы пилоттық жоба іске асырылды. Нәтижесінде суару режимінің 45%-на дейін суармалы судың артық шығыны анықталды», - деді Серік Қожаниязов.
Вице-министр айтып өткендей, ағымдағы жылы су дипломатиясы саласындағы жұмыстар жалғасатын болады. Сондай-ақ алдағы вегетациялық маусымға судың жеткілікті көлемін қамтамасыз ету үшін шаралар кешенін қабылдау, негізгі магистральдық арналарды цифрландыру, ауыл халқын сумен жабдықтау саласындағы жобаларды іске асыру, су саласындағы заңнаманы және даму жоспарларын жетілдіру жоспарда бар.