
«Қазсушар» РМК-де жемқорлыққа қарсы тұруға, жұмыстың ашықтығы мен қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін кәсіпорында ішкі бақылау қызметі іске қосылып, сенім телефон желісі құрылған (8-777-986-86-36). Сонымен бірге «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істеп тұр.
Қазақстанда комплаенс-қызметтерді дамыту және насихаттау жөніндегі Халықаралық онлайн-форумға қатысқан «Қазсушар» РМК бас директорының сөзінше, қазір жемқорлыққа қарсы шаралар саласы кеңейіп, жаңа тәсілдерді талап етуде. Еске салайық, ағымдағы жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы заңнамаға түзетулер енгізген. Өзгеріс бойынша, квазимемлекеттік секторда комплаенс-қызметтер құрылуы тиіс.
«Мемлекет басшысы комплаенс-қызметтерді құруға тапсырма берді. Оның функциясына қызмет барысының жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкестігін ғана емес, жемқорлыққа қарсы стратегияны да, іс-шаралар жоспарының сәйкестігін де жан-жақты бақылау кіреді. Бір сөзбен айтқанда, тиімді комплаенс бақылау кәсіпорын қызметінің ашықтығын және оған деген сенімді қатынасты қамтамасыз ете алады. Бізде сонымен бірге қазан айында Нұр-Сұлтан қаласының Жемқорлыққа қарсы қызметімен кездесу өтіп, орталық аппарат пен өндірістік филиалдардың қызметкерлері жемқорлықпен күрестің жаңа әдістері туралы ақпарат алған», - деді Арман Қасенов.
Оның сөзінше, ішкі бақылау қызметіне комплаенс-функцияларының берілуі корпоративтік әдептің ажырамас бөлігіне айналады.
«Азаматтар бізге тікелей жүгіне алуы үшін сенім телефонын іске қостық, ол аптасына 7 күн тәулік бойы жұмыс істейді. Оған біздің қызметімізге қатысты кез келген сұрақпен, сонымен бірге жемқорлық фактілері бойынша да хабарласуға болады», - деп атап өтті «Қазсушар» РМК бас директоры.
Айта кетейік, Қазақстанда комплаенс-қызметтерді дамыту және насихаттау жөніндегі Халықаралық онлайн-форумға Қазақстанның және Ресей, Украина, Израиль, АҚШ-тың халықаралық сарапшылары қатысты.