Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов су шаруашылығы саласы мамандарының әлеуетін арттыру бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын электр энергетикасы және жылу энергетикасы саласындағы мамандар деңгейіне дейін арттыру мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» заңға түзетулер әзірлеуді бастаған болатын. Маусым айында заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды, бұл 1 шілдеден бастап «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, өзгерістер сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысын арттыруға мүмкіндік берді. Жалақы аймақтарға және статистикалық деректерге байланысты орта есеппен 35-50%-ға өсті.
Жыл басынан бері «Қазсушар» РМК-ның 279 маусымдық қызметкері тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Жақын арада кәсіпорын штатына тағы 146 адам қабылданады. Осылайша, кәсіпорынның барлық 425 маусымдық қызметкерлері тұрақты жұмыспен қамтылады.
Еліміздің түкпір-түкпірінде гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу жөніндегі жобаларды іске асыру барысында қосымша 892 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
«Отбасы банк» АҚ Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ипотекалық бағдарламаны іске қосылды. Енді осы бағдарлама бойынша су саласы мамандары жеңіл шарттармен тұрғын үй сатып ала алады.
9 шілдеде Ақордада Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай алғаш рет су саласының мамандарын марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласының ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне марапаттар табыс етті. Бұған дейін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға толықтырулар енгізілген болатын. Су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік награда - «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.
«Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына су саласының мамандықтары қосылды. Ауылға қоныс аударған агроөнеркәсіп кешені мамандары үшін көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредит мөлшері 7,8 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-ның республика бойынша филиалдарына жаңа құрал-жабдықтар сатып алуды жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда кәсіпорын филиалдары жоспарланған 757 арнайы техника мен автокөліктің 524-ін алды.
Кадрларды даярлауға ерекше назар аударылып отыр. 2025-2026 оқу жылына гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде 1052 грант бөлінді. Бір жыл бұрын су саласы мамандықтарына 618 грант бөлінген болатын. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті студенттерді алғаш рет «Гидромелиорация» мамандығы бойынша оқытуды бастауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар су шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік практикадан өткен студенттер саны артты. Салыстырмалы түрде былтыр практикадан өткен студенттер саны 82 болса, биыл олардың саны 339-ға жетті. Оның ішінде 288 университет студенті, 51-і колледж студенті.
«Оқудан жұмыс істеп жүрген мамандар өтіп жатыр. Былтыр мамандандырылған орталықтарда «Қазсушар» РМК-ның 500-ден астам қызметкері курстардан өтті. Биыл министрлік бұл көрсеткішті 1000 маманға дейін арттыруға ниетті. Бұл бағыттағы маңызды қадам - халықаралық ынтымақтастық. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен қытайлық Power China компаниясы арасындағы уағдаластықтарға сәйкес, қазақстандық су саласының мамандары көрші елде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Курстардан 60 адам өтіп үлгерді. Бүгінгі таңда тағы 31 маман оқудан өтіпжатыр. Жыл соңына дейін тағы 30 маман біліктілік арттырады. Айта кету керек, барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алды»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абраимов.