«Еңбек адамы»: Владимир Егер – Павлодар пайдалану басқармасының басшысы

«Еңбек адамы»: Владимир Егер – Павлодар пайдалану басқармасының басшысы

 Егер Владимир Федорович – су шаруашылығы саласында көп жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Бүгінде ол ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалының Павлодар пайдалану басқармасына басшылық етеді.

Владимир Федорович еңбек жолын 1977 жылы бастап, 1986 жылдан бастап су шаруашылығы саласында жұмыс істеп келеді. Ол еңбек жолын «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінің «Тепловодоканал» басқармасында жылу желілері цехының шебері ретінде бастаған.

Кейіннен 1991–1997 жылдар аралығында су құбыры желілері цехының бастығы қызметін атқарды. 1997 жылдан бастап «Екібастұзсу» мемлекеттік кәсіпорнында бас инженер, сондай-ақ су-кәріз шаруашылығының бас инженері лауазымдарында еңбек етті.

2004 жылы «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» РМК Павлодар филиалының бас инженері болып тағайындалып, 2005 жылдан бері қазіргі қызметі – «Қазсушар» РМК-ның аталмыш филиалы Павлодар пайдалану басқармасының бастығы ретінде жемісті еңбек етіп келеді.

Көпжылдық тәжірибесі мен саланы жетік меңгерген білімі арқылы Владимир Федорович өз саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан жоғары білікті маман. Ол – жауапкершілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті мықты, талапшыл әрі әділ басшы.

Сонымен қатар Владимир Федорович – Шідерті ауылдық округі бойынша Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты. Ол еңбек саласындағы табыстары үшін бірнеше медальдар мен төсбелгілерге ие болған. Биыл Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Владимир Федорович Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұған дейін «Еңбек даңқы» төсбелгісінің де иегері атанған.

Владимир Федорович – өз ісіне адал, кәсібіне жан-тәнімен берілген, ұжымда зор беделге ие маман.

БЕЙНЕРОЛИККЕ СІЛТЕМЕ:

https://t.me/QR_Su_resurstari_ministrligi/5551