Фурманов арнасы тазартылып, Тасөткелден қосымша су жіберіледі: Министрліктің жұмыс тобы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына барды

Фурманов арнасы тазартылып, Тасөткелден қосымша су жіберіледі: Министрліктің жұмыс тобы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына барды

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен министрлік өкілдерінен құралған жұмыс тобы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына барды. Жұмыс тобы құрамында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, министрдің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков, «Қазсушар» РМК Су пайдалануды ұйымдастыру департаментінің директоры Ғалым Омар, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Талғат Ибраев және «Қазсушардың» Жамбыл филиалы директоры Қайрат Аманов болды.

Жұмыс тобы ұзындығы 120 шақырым болатын Фурманов айналма каналын тексерді. Бұл канал арқылы Шу өзеніндегі Фурманов гидроторабынан Түркістан облысының Созақ ауданына су жеткізіледі. Алдағы күндері «Қазсушардың» Жамбыл филиалы каналдың өткізу қабілетін арттыру мақсатында механикалық тәсілмен тазарту жұмыстарын бастайды. Сонымен қатар канал бойындағы бір көпір қайта реконструкциядан өтіп жатыр.

«Фурманов каналы Мойынқұм ауданындағы Гуляев жайылымдарын айналып өтіп, Сарыөзек ауылы маңында Шу өзеніне қайта қосылады. Барлық жұмыс толық аяқталған соң, арна арқылы вегетация аралық кезеңде 388–466 млн текше метрге дейін су өткізу мүмкін болады. Бұл Мойынқұм ауданындағы Ұланбел және Сарысу ауданындағы Қамқалы жайылымдарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ Шу өзенінің төменгі ағысындағы су режимін тұрақтандыруға сеп болады», – деді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.

Сондай-ақ жұмыс тобы Тасөткел су қоймасын және оған қарасты гидротехникалық нысандарды тексерді. Қазіргі уақытта су қоймасында 354,4 млн текше метр су жиналған. Мойынқұм және Шу аудандарындағы су жағдайын ескере отырып, жұмыс тобы Шу өзені арқылы Мойынқұм ауданына қосымша су жіберу туралы шешім қабылдады.