
Бақытбек Ғазезұлы Наққажин – су саласында 11 жылдан бері абыроймен еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман. Ол қазіргі таңда «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының Зайсан өндірістік учаскесінің басшысы қызметін атқарады.
Салада 2014 жылдан бері жұмыс істейтін Бақытбек Ғазезұлы осы жылдар ішінде су қойма бастығы, гидроторап бастығы, учаске шебері, инженер-гидротехник сынды түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Инженер-гидротехник ретінде жұмыс істеген кезінде кәсіпорынның барлық гидротехникалық құрылғысы мен жүйесінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Ұқыптылығы, еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында ұжым ішінде үлкен беделге ие. Әріптестерімен қарым-қатынасы сыпайы, кикілжіңсіз орта қалыптастыра біледі. Қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, әріптестеріне әрдайым қолдау көрсетуге дайын.
Өндірістегі жемісті еңбегі үшін Бақытбек Наққажин 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.