
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес, ведомство мамандарынан құралған жұмыс тобы Жамбыл облысының Қордай және Жуалы аудандарына барды.
Жұмыс тобы құрамында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, министрдің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков, «Қазсушар» РМК Су пайдалануды ұйымдастыру департаментінің директоры Ғалым Омар, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Талғат Ибраев және «Қазсушардың» Жамбыл филиалы директоры Қайрат Аманов болды.
Мамандар Қырғызстанмен шекарадағы Чумыш гидроторабының жұмысын тексерді. Бұл нысан Шу өзенінің бір бөлігін Георгиев магистральды каналы (ГМК) арқылы Қазақстанға бағыттап отырады. Қазіргі уақытта гидроторап қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
ГМК-ның төменгі бөлігінде орналасқан бес ауылдық округке су жеткізуді жақсарту үшін каналды жедел түрде механикалық әдіспен тазалау туралы шешім қабылданды. Ол жерге арнайы техника жылдам жеткізілді. Жергілікті атқарушы органдар шекара маңындағы учаскелерді тазалауға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ жұмыс тобы Кайнар ауылында салынып жатқан су жеткізетін сорғы станциясының және Шу өзенінен басталатын ұзындығы 8 шақырым болатын қысым құбырының құрылысымен танысты. Құрылыс және іске қосу жұмыстары 1 шілдеге дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Министрлік өкілдері құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтті. Бұл жобаны жүзеге асыру ГМК-ның төменгі бөлігіндегі елді мекендерді қосымша сумен қамтамасыз етуге және магистральдық каналға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сорғы станциясының құрылысы толық аяқталғанға дейін суды кезекпен беру туралы шешім қабылданды. Ең құрғақ аймақтар мен суды көп қажет ететін дақылдарға басымдық берілген арнайы кесте жасалды. «Қазсушардың» Қордайдағы өндірістік учаскесінің барлық қызметкері су беруді қамтамасыз етуге жұмылдырылды.
«Сонымен қатар Қарақоңыз су қоймасына барып, Масаншы ауылының жанындағы фермерлермен кездестік. Диқандар биыл көбіне ерте пісетін дақылдарды еккенін және оларды суаруды су қоймасындағы су толық таусылғанға дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осыдан кейін су беруді тоқтатуға қатысты шағымдары болмайды. Одан соң Қақпатас су қоймасына бардық. Онда су балансына есеп жүргізіліп, өсіріліп жатқан дақылдарды суару тәртібіне байланысты су жіберу кестесіне түзетулер енгізілді», – деді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.