“Бірге – Таза Қазақстан” экологиялық шарасы барлық аймақтарда өтті

“Бірге – Таза Қазақстан” экологиялық шарасы барлық аймақтарда өтті

Бүгінгі  «World Сleanup Day»  экологиялық акциясына Экология министрлігінің  барлық өңірдегі құрылымдық бөлімшелері түгел қатысты. Жергілікті тұрғындармен бірге олар айналадағы қоқысты жинап, ағаштар отырғызды.

Экология министрлігі бастамашы болған акция бұл жылы бір уақытта барлық аймақта өтті. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталды. Сенбілікке Экология министрлігінің департаменттері, “Қазгидромет РМК, РОП, су, орман шаруашылығы кәсіпорындары, атап айтқанда “Казводхоз” РМК, ұлттық парктер мен басқа да органға қарасты мекемелер атсалысты.

Елордадағы тазалық акциясында Елордада ҚР ЭГТРМ министрі Мағзұм Мырзағалиев, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен қала тұрғындары болды. Олар триатлон-саябақта ағаштар отырғызып, автомобиль жолдары бойындағы қоқыстарды жинады.

“Қазіргі таңда экологиялық ахуалдың нашарлауы – бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселе. Жер бетінде көптеген табиғи парктер, ормандар, өзен-көлдер, жағажайлар адамдардың салғырттығынан зардап шегуде. Сондықтан бәріміз бірлесе осындай акцияларға белсенді қатысуымыз керек”, – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

“Бүгінгі шара Президенттің өз Жолдауында  орман алқаптарында 2 млрд,  елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуға байланысты берген тапсырмасын орындауға бағытталған жұмыстың бастамасы. Ағаштарды отырғызу бүкіл ел бойынша жалғасады, – деп пікір білдірді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.