Суару кезеңі басталғалы Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі 20 мыңнан астам шаруаны суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда «Қазсушар» филиалдары дихандарға шамамен 2,8 млрд текше метр су берді.
Биыл «Қазсушар» 790 мың гектардан астам егіс алқабын суаруға 7,6 млрд текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Оның 7,3 млрд–ы республиканың оңтүстік өңіріне жұмсалады.
Қазақстанның 6 өңірінде – Алматы, Түркістан, Қызылорда, БҚО, ШҚО және Жетісу облыстарында кәсіпорын филиалдары 651,7 шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазалады. Сонымен қатар, жөндеу жоспарланған 437 гидробекеттің 102-і жөнделді. Жыл соңына дейін 1643 гидробекет аттестациядан өтуі тиіс, бүгінде 775 гидробекет тексерістен өтті.
21 сәуірден бастап Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы өңір шаруаларына 1,51 млрд текше метр суармалы су берді. Бүгінгі таңда филиал Қызылорда облысының 894 шаруа қожалығымен 123,9 мың га егіс алқабын суару үшін 2,92 млрд текше метр су беру жөнінде келісімшарт жасасты.
Жетісу облысының шаруаларына 283 млн текше метр су берілді. Бүгінгі таңда 48 мың гектардан астам егіс алқабы суарылды. Дихандармен 965 млн текше метр суармалы су беру жөнінде 7 501 келісімшарт жасалды.
Жамбыл облысы бойынша биыл 90 мың гектар егіс алқабына 682 млн текше метр су беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда өңірдің су қоймаларында қажетті су жиналды. «Қазсушардың» жергілікті филиалы өңір дихандарымен 71 486 га алқапқа суармалы су беру туралы 3 307 келісімшарт жасасты.
Алматы облысының Бартоғай және Күрті су қоймаларында су былтырға қарағанда орта есеппен 63%-ға артық жиналды. Жергілікті «Қазсушар» филиалы 480 млн текше метр су беру жөнінде 2500 келісімшарт жасады. 2024 жылдың суару кезеңінде Алматы облысының 50 мың гектар ауылшаруашылығы алқабын суару үшін 500 млн текше метр су беру жоспарланып отыр.
Түркістан облысының шаруаларына 950 млн текше метр суармалы су берілді. Облыстың ауылшаруашылық алқаптарын суаруға шамамен 3,3 млрд текше метр су жіберу жоспарланған. Бүгінгі таңда өңірдегі дихандармен су беру туралы 6 317 келісімшарт жасалды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысының 18 су қоймасы 51%- ға толы, бұл шамамен 4,29 млрд текше метр су. Атап айтқанда, Шардара су қоймасында 4,149 млрд текше метр су жиналды, бұл былтырға қарағанда 799 млн текше метрге артық.
Жалпы алғанда, Қазақстанның су қоймаларында 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Салыстыру үшін: былтыр еліміздің ауылшаруашылығы саласына 14 млрд текше метр су жұмсалды. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша республиканың жалпы пайдаланған су көлемі 24,4 млрд текше метр.
Су қоймаларында жиналған судың 12 млрд–тан астамы тасқын суы, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,5 есе көп. 12,4 млрд текше метр тасқын суы еліміздегі көлдерге, лимандарға және табиғи шабындықтарға жіберілді. Атап айтқанда, лимандарға 1,2 млрд, көлдерге 4,5 млрд, суармалы шабындықтарға 6,7 млрд текше метр су жіберілді.
Су тасқыны кезінде Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, ал Каспий теңізіне шамамен 6 млрд текше метр су жіберілді. 80 млн текше метр тасқын суы БҚО Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді, бұл көлдерге шамамен 20 жыл бойы су бармаған.
Сондай-ақ, соңғы жылдары құрғауға айналған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және Батыс Қазақстан облысының басқа да су айдындарына су жіберу жұмыстары жүргізілді.
Батыс Қазақстан облысының Орал-Көшім суару-суландыру жүйесі Жайық өзенінен 457 млн текше метр су қабылдады. Бұл су 65 мың гектардан астам шабындық алқаптар мен жазғы жайылымдарды қамтамасыз ету үшін пайдаланылады, сондай-ақ жүйе бойында орналасқан су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді.
Су тасқыны кезінде Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су жіберілді. Осының арқасында, бақылау тарихында алғаш рет бұл Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне су жетті. Бүгінгі таңда Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің белсенді су жинағаны байқалады, бұл өңірдің ауылшаруашылығына жағымды әсер етуі тиіс.
2000 жылдан бері алғаш рет Тобыл өзенінде де судың көп келгені байқалды. Тобыл өзені каскадының ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті және 92%-ға толды, бұл осыған дейінгі жылдармен салыстырғанда едәуір көп. Осының нәтижесінде су қоймалары ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады.
Астана су қоймасын толтыру жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Былтыр су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді, соның салдарынан Қ.Сәтбаев атындағы канал арқылы қосымша су жіберуге тура келді, бұл жұмыс өте қымбатқа түсті.
Қарағанды облысының су қоймалары 100%- ға толы. Мұнда жиналған су жыл бойына аймақ экономикасының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Барлық жиналған тасқын суы ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Ал суды лимандар мен табиғи шабындықтарға бағыттау мал шаруашылығын қажетті жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге оң әсер етеді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді.
Оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету үшін министрлік көрші мемлекеттермен белсенді ынтымақтастық орнатуда. Мысалы, Өзбекстанмен жасалған келісім бойынша көрші елден 922 млн текше метр, ал, Қырғызстаннан 560 млн текше метрден астам су келеді.
Бүгінгі таңда Қырғызстан су ресурстары министрлігінің басшылығымен Шу және Талас өзендері бойынша су беру көлемін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазіргі уақытта екі елдің су ведомстволары Қазақстанға су беру кестесін ұлғайту үшін жұмыс кестесіне түзету енгізу жұмысын жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында министрлік 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алатын 20 жаңа су қоймасын салу бойынша жұмыс жүргізуде. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан мен Жетісу облыстарында су қоймаларын салу жоспарланған.
Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы пайдалануға берілді. Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының, Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы басталды.
Сонымен қатар, 8 нысанның құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл Ақмола облысындағы Есіл контрреттегіші, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасы, Жалпақтал кентіндегі Үлкен Өзен өзеніндегі су қоймасы және БҚО Сексенбай ауылындағы Кіші Өзен өзеніндегі су қоймасы, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймалары, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасы.
Жаңа су қоймалары Қазақстанның оңтүстігіндегі құрғақшылықпен күресуге көмектеседі, шаруаларды судың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге және еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жаңа су қоймаларын қолданысқа беру суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға дейін ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, елімізде жалпы көлемі 1,9 млрд текше метр болатын қолданыстағы 15 су қоймасын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда реконструкция жұмыстары басталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Су кодексінің жобасына өзгерістер енгізілуде.
Атап айтқанда, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау, жоспарлау, ден қою шараларының бірыңғай жүйесін енгізу бойынша жеке тарау дайындалды. Мемлекеттік органдардың су тасқыны мен құрғақшылықтың алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралары мен құзыреттері айқындалды.
Сондай-ақ, ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізілуде. Су тасқынының алдын алу және олардан келетін залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделіп отыр. Су тасқынын болжау мен модельдеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар күшейтілуде.
Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігі әр облыстың әкімдігімен бірлесіп 2030 жылға дейін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді және топтық су құбырларын салу мен реконструкциялаудың кешенді жоспарын әзірледі. Жоспарда 133 гидротехникалық құрылысты, 7700 шақырымнан астам ирригациялық жүйені және 1200 шақырым топтық су құбырларын реконструкциялау, сондай-ақ 3628 тік дренажды ұңғыма бұрғылау көзделген
Қорытындылай келе, су тасқыны кезінде нысандарда тәулік бойы жұмыс істеген және суару маусымына тиісті дайындықты қамтамасыз еткен су саласының қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, тәжірибелеріңіз және қызметке адалдық танытқандарыңыздың арқасында барлық қазақстандықтар мен ел экономикасын ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы – сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.