Сіздерді су ресурстарын басқару мәселелеріне арналған бүгінгі маңызды іс-шарада көргеніме қуаныштымын. Су саласында тәжірибе алмасу, идеялар мен әлемдік тәжірибені талқылау басты міндеттеріміздің бірі. Бүгін айтылатын ұсыныстарды министрліктің өкілдері алдағы уақытта міндетті түрде жұмыс барысында қарайтын болады. Су біздің қоғамның өмір сүруі мен дамуы үшін ажырамас ресурс болып табылады және біздің министрлік су ресурстарын тұрақты және тиімді басқаруды қамтамасыз етуге толық міндеттеледі.
Бүгінгі таңда су қауіпсіздігі мәселелері бұрынғыдан да өзекті, осыған байланысты ел Президенті жеке бейінді Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы уақтылы шешім қабылдады. Біз Қазақстанның су-ресурстық әлеуетін сақтау бойынша жүйелі іс-шаралар кешенін құру үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Бүгінде біздің министрлік барлық су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау жұмысын негізгі үш бағыт бойынша іске асырып жатыр:
Бірінші. Суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалануға бағытталған түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру;
Екінші. Су шаруашылығы инфрақұрылымын толыққанды жаңғырту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен суды үнемдеу мәдениетін енгізу;
Үшінші. Көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту, оның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың кейбір аспектілерін айта кетуге рұқсат етіңіздер.
Бірінші бағыт – су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі іргелі құжат – жаңа Су Кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасы әзірленді.
Әлемдік озық тәжірибелерге, атап айтқанда Германияның тәжірибесіне назар аудара отырып, біздің министрлік Су кодексін өзектендірді.
Парламент Мәжілісіне енгізілген құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғауға басымдық берілді. Ресурстың өзі енді тек экономикалық пайда көзі ретінде қарастырылмайды.
Сонымен қатар, жаңа Су кодексінің нормалары жүйеленген және декларативті, қайталанатын нормалар алынып тасталды. Жаңа Су кодексінің қағидаттары мен міндеттері оларды іске асыру тетіктерімен нығайтылған. Сонымен қатар, ГТҚ қауіпсіздігі, ирригация және дренаж, ауыз су және сумен жабдықтау мәселелері жеке тиісті бөлімдерге бөлінген.
Жаңа Кодексте суды үнемдеу өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде іс-шаралар қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндетті.
Су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі. Ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар пайда болды. Елдімекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға арналған тарау едәуір кеңейді.
Жеке тарау еліміздің су саласын климаттың өзгеруіне бейімдеуге арналған. Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді.
Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесіне жеке бөлім арналып отыр. Кәсіпорындардың оларды пайдалану және осының негізінде қауіпсіздік декларациясы ресімделетін көп факторлы тексеру жүргізу жауапкершілігі айқындалды. Жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады, онда өткен күнтізбелік жылдағы елдегі судың жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы мәлімет болады. Жаңа Су кодексінің жекелеген ережелері елдің су саласына инвестиция тартуды ынталандыруды және су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдауды көздейді.
Бұл кодекс су ресурстарын тұрақты басқару және экожүйені қорғау бағытындағы негізгі қадам болып табылады. Біздің ұсыныстарымыз сарапшылар мен жұртшылықтың пікірін мұқият талдауға және есепке алуға негізделген, бұл біздің еліміздің әл-ауқатына және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ықпал етеді.
Екінші негізгі бағыт – су саласында жинақталған мәселелерге назар аудару.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында су шаруашылығы объектілерінің тозуы 60%-дан асатынын, ал, тасымалдау кезінде судың жоғалу көрсеткіші 40%-дан асатынын, су үнемдеу технологияларын енгізу процесі баяу жүріп жатқанын атап өтті.
Осы тапсырмаларды орындау үшін Үкімет Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Ол су қоймаларын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу, сондай-ақ экология және көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шараларды көздейді.
Жақын болашақта 9 облыс аумағында 20 су қоймасын салу және 9 облыс аумағында 15 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру жоспарланып отыр.
Аталған іс-шараларды іске асыру – тасымалдау кезінде судың өнімсіз шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға, сондай-ақ экономика салаларын кепілдендірілген сумен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығындағы суды үнемдеу мәселесі өзекті болып қала береді.
Өздеріңіз білетіндей, ауыл шаруашылығының суды тұтыну үлесі жалпы су қорының 65%-ын құрайды. Су алу және өнімсіз шығындар деңгейі туралы статистика суармалы егіншілікте суды ең тиімсіз пайдалану қарқыны байқалатынын көрсетеді.
Жағдайды түзету үшін, ең алдымен, суды үнемдеудің озық технологияларын енгізуді жеделдету керек.
Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнатуға және тамшылатып, жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алу шығындарын субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жөнінде жұмыстарды бастадық.
Бұл 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, еліміздегі суармалы жерлердің алаңдарын 1,3 млн.гектарға немесе 50%-ға дейін жеткізуге ықпал ететін болады. Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шамамен 2,1 текше шақырым су үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Құрметті әріптестер, аталған іс-шараларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 текше шақырымға дейін су жинауға және үнемдеуге, суармалы жерлердің жаңа алқаптарын айналымға 2,5 млн.гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды мәселе - ел экономикасының секторларында су ресурстарын қайта пайдалану. Экономика салаларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жыл сайынғы су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды, оның 65%-ы (14,2 текше шақырымы) ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне, 25%-ы (5,9 текше шақырымы) өнеркәсіптің қажеттіліктеріне, ал 4,3%-ы (1,3 текше шақырымы) коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады.
Республиканың өнеркәсіп секторы жылына орта есеппен 5,9 текше шақырым таза суды тұтынады, оның ішінде су бұру 4,9 текше шақырым (су объектілеріне 4,7 текше шақырым) және 1,1 текше шақырым су – бұл қайтарымсыз тұтыну.
Өнеркәсіпті айналымдағы сумен жабдықтау көрсеткіштері жылына орта есеппен 9 текше шақырымға жетеді (экономиканың барлық салаларына жыл сайынғы су тұтыну көлемінің 36% - 24,9 текше шақырым), ал қайта сумен жабдықтау 1 текше шақырым суды құрайды.
Осылайша, өнеркәсіп орындары алатын 5,9 текше шақырым жалпы таза судың 17%-ы қайта пайдаланады және біз 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50% - ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге су алудың барлық көлемінен 1,3 текше шақырым су жұмсалады, суды қайта пайдалану тиімділігін арттыру үшін барлық негіздер бар. Ең алдымен, бұл жергілікті тазарту құрылыстарын, атап айтқанда, автокөлік жуу және жөндеу орталықтарында, өндірістік кәсіпорындарда және т.б. енгізу, бұл орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауыз суды тұрақты қоспай және тұтынбай суды қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты министрлік суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдардың осындай жүйелерге көшу жоспарларын ұсынуы үшін жұмыс істейтін болады.
Су тұтынуды үнемдеу мәдениетін ынталандыратын бұл іс-шараларды біз жаңа Су кодексін әзірлеу кезінде ескергенімізді атап өтемін. Онда су пайдаланушылардың жалпы міндеттері туралы нормалар жазылған. Мысалы, айналымды және суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде іс-шаралар қабылдау қажеттілігінен басқа, қосымша су пайдаланушылар айналымды және қайта пайдалану көлемі бойынша ақпарат беруге міндетті.
Бұл ретте суды пайдалануға рұқсат беру құжаттары (арнайы су пайдалануға рұқсат) айналымды және (немесе) қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен (бес жылдан аспайтын) көшу жөніндегі жоспар болған кезде ғана берілетін болады.
Сондай-ақ, бұл жоспарлар жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей әзірленуі тиіс деген шарт көзделген.
Сондай-ақ, біз заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу нарықтағы сұранысты, демек, ғылыми және жобалау ұйымдарының, сондай-ақ шағын және орта бизнестің тартылуын арттырады деп сенеміз. Яғни, технологияларды қолдану елдің өндірістік секторына да оң әсер етеді.
Сонымен қатар мемлекеттік бақылау жүргізу талаптары күшейтілді. Осылайша, уәкілетті органға мемлекеттік бақылау функцияларынан басқа қадағалау функциялары беріледі, бұл Мемлекет басшысының судың «қара нарығын» жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында құқық бұзушылық фактілерін неғұрлым жедел анықтауға мүмкіндік береді. Айтпақшы, осы бағытта біз бассейндік инспекциялар штатын 98-ден 242 бірлікке дейін ұлғайттық, әр облыс орталығында бөлімдер ашылды.
Біз су саласын институционалдық, ғылыми, кадрлық және халықаралық нығайту бойынша жұмысты жалғастырудамыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет «Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құрды, ол теңізді сақтау мақсатында жан-жақты зерттеумен айналысатын болады.
Ел экономикасындағы жер асты суларының әлеуетін арттыруға және олардың пайдаланылуын бақылауды күшейтуге бағытталған Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылуда.
Қаңтар айының соңында Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп өткен кеңесте «Болашақ» білім беру бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» сияқты жаңа су мамандықтар енгізілгені жарияланды. Қазақстандық студенттер осы жылдан бастап аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады, мен барлығын осы процеске белсенді атсалысуға шақырамын.
Сонымен қатар, министрлік жетекші мамандарды тарту, отандық кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің бірлескен бағдарламалары, суарудың, үнемдеудің және суды тазартудың заманауи технологияларын енгізу сияқты мәселелер бойынша Ұлыбритания, Германия, Франция, Қытай және Түркия сынды шетелдік серіктестермен тұрақты кездесу өткізеді.
Құрметті форум қатысушылары, біз сіздермен су ресурстарына қатысты мәселелерді шешуде ынтымақтастықта болуға және оларды басқарудың инновациялық тәсілдерін бірге іздеуге дайынбыз.
Барлық қатысушыларға осы маңызды шарада жемісті пікірталас пен табысты ынтымақтастық тілеймін.
Назар аударғаныңызға рақмет!