Қайырлы күн құрметті журналистер!
Сіздермен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті мәрте кездескеніме және Су ресурстары және ирригация министрлігінің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар ету мүмкіндігіне қуаныштымын.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету және Қазақстанның су саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Президент 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы маңызды бастама көтеріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы туралы толығырақ айтып берейін.
Жан-жақты ойластырылған су саясатын құру
Су ресурстары бойынша сапалы талдау және болжам жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында Қазақстанның су-ресурстық әлеуетін есепке алу және болжау жүйесін дамытуға, су ресурстарын басқару мен бағалаудың ақпараттық жүйелерін әзірлеуге, суды есепке алуды автоматтандыру мен цифрландыруға, Қазақстанның су шаруашылығы кешенінің инфрақұрылым объектілерінің проблемаларын жүйелеу, ғылыми-сараптамалық жұмыстар кешенін жүргізу көзделген.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Су ресурстарын басқару тұжырымдамасын ҚР Үкіметіне бекітуге енгізу жоспарланып отыр.
Бұл мәселе бойынша Министрлік жоспарлаған іс-шаралар:
Озық су үнемдеу технологияларын енгізуді (жылына 150 мың гектарға дейін) жеделдету бөлігінде – су саласына жеке инвестициялардың ағынын ынталандыратын шараларды әзірлеу және фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізуі қарастырылады.
Су кодексінің жаңа редакциясында су үнемдеу жөніндегі жалпыұлттық саясатты қалыптастыру және дамыту енгізілген, ал су заңнамасының қағидаттары су үнемдеуге бағытталған ең үздік қолда бар технологияларды енгізуді қамтиды.
Су кодексінің жаңа редакциясында инвестициялық саясаттың негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы инвестициялар тартуды ынталандыруды енгізу жоспарлануда.
Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін, суару жүйелерін құру және кеңейту, тамшылатып суару кезіндегі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу.
2027 жылға қарай қосымша 2 текше шақырым суды қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және кемінде 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау.
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында бірінші кезеңде судың қосымша көлемін қамтамасыз ету үшін 2027 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында жинақталу көлемі 1,7 текше шақырым болатын 8 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда.
Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 12 су қоймасын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, 15 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау жоспарланып отыр.
3,5 мың шақырым суару желілерін реконструкциялау, суды есепке алуды цифрландыру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру арқылы суару кезінде судың ысырабын азайту күтіледі.
Судың «қара нарығын» жою жөнінде, оның ішінде су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті заңнамалық деңгейде қатаңдату арқылы шараларды күшейту туралы.
Су кодексінің жаңа редакциясында бассейндік су инспекцияларына (су ресурстарын басқару органдары) мемлекеттік бақылау функцияларынан бөлек қадағалау функциялары да беріледі.
Кәсіпкерлік кодекске су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын нормалар толықтырылады.
Тәжірибе көрсеткендей, суды өз бетінше пайдалану бөлігінде су заңнамасының бұзылуына жедел ден қою тетіктерінің болмауы, жекелеген су тұтынушылардың белгіленген су алу лимиттерінен асып кетуі сумен қамтамасыз ету проблемаларына алып келеді.
Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру.
Қазіргі уақытта Министрлік ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру мәселесімен айналысатын екі басқармасы бар департамент құрды. Қызметтің ұйымдық құрылымы, жарғылық құжаттары әзірленді, олар жақын арада Үкіметтің қарауына ұсынылатын болады.
Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жер асты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, жер асты суларына мемлекеттік мониторинг жүргізу саласында мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие болады. Жер асты суларын ұтымды пайдалану мәселелері ерекше бақылауда болады.
Өңірлік кооперацияның жаңа моделінің маңызды элементі ретінде су-энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану мәселесін көрші мемлекеттермен жан-жақты пысықтау.
Су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісімнің жобасы әзірленуде.
Орталық Азия елдерімен (Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) келісу бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Келісімді және механизмін талқылау бойынша сараптамалық кездесулер өткізіледі.
Назарларыңызға рахмет!