Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын қайта қарайды.
Құжат су тасқынының алдын алу және одан келетін шығынды азайту жөніндегі кешенді іс-шаралармен толықтырылады. Әзірлеу барысында осы саладағы озық елдердің – Қытай, Нидерланды және т.б. тәжірибелері зерделенеді.
«Тұжырымдамада көзделген 20 жаңа су қоймасын салу жөніндегі жоспар мен басқа да кешенді іс-шаралар өзгермейтінін атап өтемін. Құжаттың мүмкіндігін кеңейту және оған су тасқынының алдын алу іс-шараларын қосу үшін толықтыру қажет. Сонымен қатар, біздің министрлік әр өңірдің әкімдіктерімен 57 жаңа су қоймасын салуды көздейтін кешенді жоспар әзірледі», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.