
Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылды.
Жоғары Сот Кеңесінің негізгі құзыретіне судья болып жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтардан біліктілік емтихандарын қабылдауды ұйымдастыру жатады.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен біліктілік емтиханын тапсыру тәртібін жетілдіру, атап айтқанда, оның өткізу кезеңін жиілету бойынша жұмыс жүргізілді.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап емтиханның алғашқы үш кезеңі ай сайын өткізіліп келеді, бұл үміткерлерге емтиханның барлық кезеңдерін оның сапасына нұқсан келтірмей орта есеппен үш-төрт айдың ішінде тапсыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, екі айдың ішінде заңнаманы білуге арналған компьютерлік тестілеуге 345 кандидат қатысты, ал біліктілік комиссиясы 8 отырыс өткізді, оған 53 кандидат қатысты.
Кеңестің біліктілік емтиханын тапсыру үшін құжаттарды қабылдауы тұрақты негізде жүргізіледі.
Ол үшін белгіленген құжаттарды Жоғары Сот Кеңесінің атына жолдау қажет.
Кеңестің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерінде біліктілік емтиханын тапсыруға дайындалу үшін барлық қажетті әдістемелік ұсынымдар орналастырылған.