
ҚР Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов бекіткен Сот төрелігі академиясын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында референдиатқа арналған онлайн-курс басталды.
Бұл қарқынды курс Қазақстанның сот жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында әзірленген және "Азаматтық-құқықтық дауларды қарау және шешу кезінде құқықтың жекелеген салаларын қолдану ерекшеліктері"негізгі тақырыбына арналған.
Курс «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес судья лауазымына орналасу үшін кандидаттарға белгіленген талаптарға сәйкес келетін тыңдаушыларға арналған.
Курстың мақсаты тыңдаушыларды Қазақстан Республикасындағы азаматтық-құқықтық дауларды соттардың қарауы мен шешуі кезінде қолданылатын құқықтың жекелеген салаларының негізгі нормативтік ережелерімен таныстыру болып табылады.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ернар Бегалиев тындаушылардың алдында алғы сөз сөйледі.
«Бұл референдиаттың пилоттық жобасы германдық судьяларды даярлау мен тағайындаудың жүйесінің үлгісі бойынша жасалған. Бұл курста тыңдаушылар біліктілік емтиханынан сәтті өтуге ықпал ететін теориялық білім деңгейін арттыра алады, бұл келешекте сот төрелігін жүзеге асыру сапасына әсер етеді», - деп атап өтті Е.Н.Бегалиев.
Кеңес Аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары Салима Сәлімжанова тыңдаушыларды судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыру тәртібімен, сондай-ақ оның әрбір кезеңіне дайындық ережелерімен таныстырды.
Бірінші күннің соңында тыңдаушылар құқықтың 8 саласы бойынша білім деңгейін анықтау үшін сынақтан өту мүмкіндігіне ие болды.
Референдиат курсы аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға сертификаттар беріледі.