
ҚР Президенті жанындағы ОКҚ «Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің жұмысындағы жаңа тәсілдер туралы» тақырыбында баспасөз маслихаты өткізілді. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің төрағасы Нұржан Қайыпжан мен Жоғары Сот Кеңесі аппаратының Сот жюриінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сәлімжан қатысты.
Судьялар тәуелсіздігінің конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында және халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2019 жылы Сот жюриінің жұмысын жаңғырту бойынша маңызды шаралар қабылданды. Бұрын Жоғарғы соттың құрамында болған Сот жюриі сот жүйесінен бөлініп, Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді.
Бұдан әрі жүргізілген реформалар шеңберінде Сот жюриі жұмысындағы тәуелсіздік, объективтілік және барынша ашықтық қағидаттарын нақты қамтамасыз етуге бағытталған тетіктер әзірленді, бұл тәртіптік процесті жақсартуға және сот жүйесіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді.
Сот Жюриін қалыптастырудың және оның құрамына судьялардың кандидатураларын іріктеудің тәртіптік процестің объективтілігі мен бейтараптығын арттыруға бағытталған жаңа тәртібі енгізілді.
Қазір судьялардың кандидатуралары жоғарғы және жергілікті сот судьяларының қатысуымен Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысының шешімі бойынша Сот жюриінің құрамына ұсынылады. Осыдан кейін бұл кандидатуралар Жоғары Сот Кеңесінің шешімімен бекітіледі. Бұл ретте Кеңеске қандай да бір кандидатурадан бас тарту құқығы бекітілді.
Жаңа тетіктің енгізілуіне байланысты Сот жюриінің құрамы 9-дан 15 мүшеге дейін артты. Сот жюриі мүшелерінің санының артуы әртүрлі деңгейдегі судьяларды тарту арқылы орын алды, бұл объективті және салмақты шешім қабылдауға ықпал етеді.
Енді Сот жюриінің құрамына Жоғарғы Соттың 4 судьясы, облыстық соттардың 5 судьясы және аудандық деңгейдегі 4 судья кіреді. Құрамның мұндай кеңеюі барлық сот органдары өкілдерінің пікірлерін ескеруге мүмкіндік беріп, қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады.
Қабылданған шешімдердің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз ету мақсатында Сот жюриінің құрамына судьялардан басқа заң қауымдастығының өкілдері де кіреді.
Заңда Сот жюриінің судьяның тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселесін қарауы үшін негіздердің толық тізбесі көзделген.
Қазіргі уақытта судья тек 1) сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін; 2) судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін, ал соттар мен сот алқаларының төрағалары – «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда тікелей көзделген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ғана тартылуы мүмкін.
Судьяның теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілігі Судьялардың IX съезінде 2024 жылғы 4 қазанда қабылданған Судья әдебі кодексінде көзделген негіздер бойынша ғана мүмкін болады.
2024 жылы заңнамаға судьялардың құқықтарының кепілдіктерін нығайтуға және тәртіптік іс-жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытталған елеулі өзгерістер енгізілді.
Жаңа түзетулер тәртіптік іс-жүргізуде судьялардың құқықтарына қосымша кепілдік береді. Атап айтқанда, судьялар Сот жюриіне жіберілгенге дейін іс материалдарымен танысуға міндетті. Сондай-ақ судьяға тәртіптік істі қарауға қатысу үшін адвокаттар мен заң консультанттары арасынан өкілдерді тарту құқығы беріледі, бұл ашық және әділ процеске ықпал етеді.
Заңнама сонымен қатар судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді бастау үшін құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру қызметінің материалдарын пайдалануға тыйым салу арқылы судьялардың тәуелсіздігін нығайтты. Бұл шаралар судьяларға қысым жасау ықтималдығы қаупін жоюға бағытталған және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес судьялардың әрекеттеріне шағымдарды қарау тәртібін өзгертетін Сот жюриі туралы Ережеге түзетулер енгізілді. Талдау көрсеткендей, Сот жюриіне жүгінудің шамамен 70% - ы сот актілерімен келіспеушіліктер мен судьялардың нақты сот істеріндегі әрекеттеріне, соның ішінде сот төрелігі мен іс жүргізу ережелерін бұзуға қатысты шағымдарға қатысты. Жаңа түзетулерге сәйкес, сот актілерімен келіспеуге және істерді қарау кезінде заңдылықты бұзуға байланысты шағымдарды енді тек жоғары тұрған соттар апелляциялық немесе кассациялық іс жүргізу шеңберінде тексере алады және Сот жюриінің қарауына жатпайды.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі - Сот жюриінің шешімдеріне шағымдану мүмкіндігі. Шығарылған шешіммен келіспеген жағдайда судьяның Жоғары Сот Кеңесіне жүгінуге құқығы бар. Кеңес келтірілген дәлелдерді мұқият зерделегеннен кейін тәртіптік іс жүргізуді тоқтата отырып, Сот жюриінің шешімінің күшін жоюға немесе материалдарды қайта қарауға жіберуге құқылы.
2024 жылы Сот жюриі 77 тәртіптік істі қарады. Сот жюриінің шешімдерімен әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке 40 судья тартылды. Сот жюриімен іс жүргізуге келіп түскен
77 тәртіптік істің 33 немесе 45,2 % тоқтатылды.
Бұл шаралар сот жұмысының сапасын жақсартуға, сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға және елдегі сот төрелігінің деңгейін арттыруға бағытталған.