
Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды іске асыру мақсатында "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға 2024 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енген тиісті түзетулер қабылданды.
Жаңа тетік төменгі соттардың судьялары тарапынан заңды өрескел бұзу туралы көрсетілген жоғары тұрған соттың барлық ұсыныстары Сот жюриінің қарауының нысанасына айналатынын көздейді.
"Сот істерін қарау барысында заңды өрескел бұзғаны және судьялық әдеп кодексін сақтамағаны үшін тәртіптік жазалар көзделген, оның ішінде: ескерту, сөгіс және ең қатаң жаза - судьялық қызметтен босату", - деп атап өтті Сот жюриінің төрағасы Нұржан Қайыпжан.
Сонымен қатар, Сот жюриінің құрамы 9-дан 15 мүшеге дейін кеңейтілді. Оның құрамына халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін және жұмыстың ашықтығына ықпал ететін заң қоғамының өкілдері кіреді.
"Сот жюриі судьяларды жазалауға бағытталған органның қызметін атқармайды. Негізгі мақсат-судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оларды заңсыз жауапқа тартудан қорғау. Біз судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау кезінде тиісті негізсіз жазалауға моральдық та, заңды да құқығымыз жоқ", - деп атап өтті ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Сот жюриінің мүшесі Есенбай Боранбаев.
Айта кететін жайт, ҚР Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Сот жюриінің жұмысына, судьялардың тәуелсіздігі мәселелеріне және тәртіптік іс жүргізу шеңберінде олардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады.