Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының магистратурасына түсу тәртібі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының магистратурасына түсу тәртібі туралы

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры ҚАНАТ МУСИН Сот төрелігі академиясының магистратурасына түсу тәртібі туралы айтты.

              Академия 2016 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы оның жұмыс істеуі есебінен оқыту мен сот практикасының өзара байланысын күшейту мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінген Сот төрелігі институтының базасында құрылды.

Сот жүйесін әрі қарай реформалау үдерісі аясында 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Сот төрелігі  академиясы Жоғарғы Соттан Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілді.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңына  сәйкес Академия жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, сот жүйесінің кадрларын қайта даярлау, біліктілігін арттыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Бүгінгі таңда Сот төрелігі  академиясы сот жүйесіне кадрларды дайындаумен айналысатын жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. Академия «Сот және сот төрелігі» білім беру бағдарламасы бойынша бір жылдық бейіндік магистратура шеңберінде арнайы оқыту жүргізеді.

Академияның магистратурасында кадрларды дайындау мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес, ал 2022 жылдан бастап ақылы негізде де жүзеге асырылады. Мысалы, магистратурада жыл сайын 60 адам тегін білім ала алады.

Сот жүйесіне кадрларды магистратурада даярлау аясында жүзеге асырылатын білім беру бағдарламасының ерекшелігі – сот ісін жүргізумен байланысты барлық пәндер бойынша тәжірибеге бағытталған оқыту болып табылады.

Оқу процесінде оқытушылар құрамы білім алушының танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған әртүрлі интерактивті оқыту әдістерін пайдаланады: проблемалық оқыту әдісі, кейс-стади, топтық жұмыс, рөлдік ойын әдісі, бинарлық сабақтар, пікірталастар, «миға шабуыл», дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыру және басқалары.

Академиядағы проблемалық оқыту әдістері мен пікірталастар соттық құқық қолданудың белгілі бір мәселесіне қатысты пікір алмасуға негізделген. Бұл әдістер кеңінен қолданылады, себебі магистранттар жас ерекшелігі мен кәсіби тәжірибесіне байланысты жоғары деңгейдегі ойлау дербестігі мен жетілуіне ие, құқықтық мәселелер бойынша өз көзқарасын дәлелдеп, негіздей алады.

Тәжірибеге бағытталған оқытуда кейс-стади кеңінен қолданылады, оның мақсаты – магистрант алатын теорияны сот ісін жүргізудің нақты жағдайларына бейімдеу. Кейстер материалдық және процессуалдық құқық нормаларын қолдана отырып шешуді талап етеді, олар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судьялар кездесетін нақты міндеттерге ұқсас.

Академияда оқу сабақтарында сот процестерін жүргізу бойынша рөлдік ойын әдісі кеңінен қолданылады. Осындай сабақ өткізу барысында магистранттар судья, прокурор, адвокат, сарапшы және тараптардың рөлдерін орындайды. Бұл оқыту әдісі болашақ судьялардың кәсіби дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.

Ойын түріндегі сот процестерін шынайы жағдайға барынша жақындату мақсатында Академияда арнайы аудиториялар – азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот отырыстарының залдары, сот қызметі үшін қажетті атрибуттармен жабдықталған.

Академия өз жұмысында академиялық адалдық саясатын ұстанады. Бұл саясат магистранттарда академиялық адалсыздықтың кез келген көрінісіне, мысалы, алдау, плагиат, академиялық деректерді бұрмалау және т.б. төзімсіздік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Болашақ судьяларды дайындайтын оқу орнының ерекшелігі сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік саясатына берілгендігін айқындайды.

Академия студентке бағытталған оқытуды қамтамасыз етеді, бұл оқытуға және білім беру процесіне белсенді қатысуға деген мотивацияны арттыруда маңызды рөл атқарады.

Академиядағы білім беру процесі толығымен магистранттың болашақ кәсібіне бағытталған. Біз түлектердің сот төрелігін жүзеге асыруға қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларға ие бола отырып, оған барынша дайын болуына тырысамыз.

Академия жүзеге асырылатын білім беру саясаты мен қолданылатын оқыту технологиялары арқасында соңғы үш жыл ішінде түлектер арасынан судьяларды тағайындау бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Түлектердің 95%-дан астамы біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, судьялар қатарына қосылады.

Академия мемлекеттік органдар арасында, сондай-ақ мемлекеттік емес секторда магистратураға түсетін болашақ үміткерлерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.

Жыл сайын магистратура бағдарламасына құжаттар тапсырудың оң динамикасы байқалады, бұл заңгерлердің сот мамандығына деген қызығушылығының артып келе жатқанын растайды. Мысалы, 2024-2025 оқу жылында 724 өтініш қабылданды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерден (469 өтініш) 1,5 есе көп.

Біз судьяларға қойылатын талаптарға сәйкес жасы 29-ға толған, жоғары заңгерлік білімі бар, заңгерлік қызметте кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар заңгерлерді қабылдайды.

Құжаттарды қабылдау 1 маусым мен 29 шілде аралығында жұмыс күндері, сондай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Ұсыну үшін қажетті құжаттар тізімі:

- жоғары білім туралы құжат;

- мемлекеттік қызметші болып табылатын тұлғалар үшін жұмыс орнынан жолдама мен анықтама;

- өңірлік квота бойынша және мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғалар үшін заңгерлік мамандық бойынша еңбек қызметін растайтын құжат;

- 075/У нысанындағы медициналық анықтама.

Кіріспе емтихандар 5-22 тамыз аралығында өткізіледі.

Қазіргі таңда магистратураға қабылдау механизмін жетілдіру және оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен субъективизмді жоюға бағытталған.

Мамандық бойынша қабылдау емтиханы үш кезеңнен тұрады:

1)  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы базасында өткізілетін кешенді тестілеу;

2)  кейс (ситуациялық тапсырма) шешу;

3)  эссе жазу.

Кейс (ситуациялық тапсырма) шешу және эссе жазу Академияда компьютерлік түрде жүзеге асырылады.

Кешенді тестілеу кезеңінде талапкерлер Қазақстан Республикасы Ғылым және білім Министрінің үлгілік ережелерінде белгіленген шекті баллды жинауы керек – қазіргі уақытта 70 балдың кемінде 30-ын. Мамандық бойынша емтиханның келесі кезеңдерінде – кейс шешу және эссе жазу – кемінде 100 балдың 60-ын жинау қажет.

Магистранттар қатарына қабылдау мамандық бойынша қабылдау емтиханының үш кезеңінің балл сомасы негізінде конкурс тәртібімен жүзеге асырылады: өңірлік квота бойынша және жалпы тәртіпте бөлек қаралады.

Өңірлік квота бойынша конкурс нәтижесінде пайда болған бос орындар болған жағдайда, олар жалпы тәртіпте конкурс негізінде қайта бөлінеді.

Магистранттар қатарына қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Академиядағы магистратурада оқыту 1 қыркүйектен басталады.