Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы

Осы аптада Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтті.

Бұл 2024 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енген ағымдағы жылғы 5 шілдедегі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілген түзетулерге сәйкес жаңартылған кеңейтілген құрамдағы бірінші отырыс.

Сот жюриінің алғашқы жаңартылған құрамдағы отырысын Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Михайлович Малахов ашты.

«Мемлекет басшысы әділдік пен құқық үстемдігі қағидаттарын сақтау, сондай-ақ азаматтарды қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады.

Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру үшін осы жылдың 1 қазанынан бастап Сот жюриіне судьялардың істерді қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзудың барлық фактілерін тексеру міндеті жүктелді.

Ол үшін тексерудің жаңа тетігі енгізіліп, Сот жюриі мүшелерінің саны қосымша 7 судьяға ұлғайтылды.

Сонымен бірге, Сот жюриінің қалаусыз судьялардан құтылу үшін жазалаушы орган ретінде әрекет етуіне жол берілмеуі керек.

Тәртіптік жаза туралы барлық шешімдерді объективтілік пен пропорционалдылық қағидаттарын ескере отырып, саналы түрде қабылдау қажет», - деп атап өтті Малахов Д.М.

Отырыста 8 судьяға қатысты 8 тәртіптік іс қаралды.

Сот жюриінің қарау қорытындысы бойынша заңдылықты өрескел бұзғаны үшін 7 судьяға қатысты тәртіптік жазалар қолданылды, оның ішінде:

- 3 судьяға қатысты - судья қызметінен босату;

- 3 судьяға қатысты - сөгіс жариялау;

- 1 судьяға қатысты – ескерту жарияланды.

Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енген жоқ, себебі тәртіптік жаза қолданылған судьялар Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы.

Тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты 1 судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу тоқтатылды.