Алматы қалалық соты 2016 жылдың бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылады

Алматы қалалық соты 2016 жылдың бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылады

Алматы қалалық сотында соттардың 2016 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылау бойынша қала судьяларының кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңес жұмысына Жоғарғы Соттың судьясы Нұржан Қайыпжан, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ләззат Кудекова, Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай, қала судьялары, Алматы қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшылығы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақыт Мәлік-тегі өз баяндамасында 2016 жылдың 6 айында 59 185 азаматтық іс пен  арыз түсіп, соның ішінде 30 757 іс бойынша шешім қабылданды, бұл өткен жылға қарағанда – 4 065 іс артық болғанын жеткізді. 2016 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысымен медиация тәртібімен 384 азаматтық іс қысқартылды. Партисипативтік келісіммен 9 азаматтық іс қысқартылды. Есепті кезеңде татуласу рәсімімен қаралған азаматтық істердің саны – 566-ны құрайды.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қараманов есепті кезеңде қала соттарымен 2 456 тұлғаға қатысты 2 247 қылмыстық іс аяқталғанын айтты. Соның ішінде 1 342 қылмыстық іс бойынша 1 581 тұлғаға қатысты үкім шығарылды. Жартыжылдықта қамауды санкциялау туралы 3 548 материал келіп түскен, ал 2015 жылы – 2 789 материал болғанын алға тартты.

Кеңес барысында Судьялар әдебі бойынша комиссия төрағасы, қалалық соттың судьясы Лұқмат Мерекеновтың баяндамасы тыңдалды. Осылайша, 2016 жылдың жартыжылдығында комиссияға 40 шағым мен өтініш келіп түскен. Соның ішінде 19-ы судьяның процессуалдық әрекетіне, 21-і тікелей судьяның әдебіне қатысты болған. Өтініштерде көрсетілген үәждер комиссия отырысында талқыланып, өз дәлелін таппағандығы анықталды.

Кеңес алдында, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тобының басшысы, қалалық соттың судьясы Сергей Лобачтың қорытынды баяндамасы да назарға ұсынылды. Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша Соттар әкімшісі Бақтыбек Асанбеков соттардың қызметіндегі тиімділік рейтингінің қорытындысымен таныстырды.

Жоғарғы Соттың судьясы Нұржан Қайыпжан өз сөзінде басты міндет - сот төрелігінің сапасын жақсартуда екендігін айтты. Осы тұрғыда жүктемені оңтайландырумен қатар, сапалы түрде соттарда істерді қарау болып табылады. Сонымен бірге, судьяларды  татуласу рәсімдерін, яғни медиация тәртібі мен партисипативтік келісімдерін әр іс бойынша кеңірек қолдануға шақырды.

Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ләззат Кудекова өз кезегінде сот кадрларын жасақтау мақсатында мемлекеттік орган тарапына жасалынып жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті. 

Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша  қалалық сот төрағасы А.Ештай сот жұмысын жақсарту мақсатында бірқатар нақты міндеттер қойды.

Қайнар: 
 
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі