
2024 жылғы 1 шілдеде Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда сот жүйесінің ұйымдық-кадрлық мәселелері қаралды, құқықтың жекелеген салаларындағы мамандарға арналған конкурстың және облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының бос лауазымдарына конкурстың қорытындылары шығарылды.
Судьялық лауазымдарға тағайындауға ұсынылатын кандидаттар туралы мәліметтер Кеңес отырысының онлайн-трансляциясы кезінде жарияланды.
Ұсыным алған тұлғалар туралы толық ақпарат қосымша орналастырылады.
Сонымен қатар, Алматы қалалық сотының судьясы болып конкурссыз тағайындалған Батыс Қазақстан облыстық соты төрағасының және Жетісу облыстық сотының судьясы болып конкурссыз тағайындалған Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасының өз қалауы бойынша атқаратын лауазымдарынан босату туралы өтініштері қаралды.
Сондай-ақ, Кеңестің қарауына зейнет жасына толған Шымкент қаласы мен Қостанай облысы аудандық соттарының екі судьясының шекті жасқа жеткенге дейін судья лауазымында одан әрі болуы туралы өтініштері түсті.
Зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін судья лауазымында одан әрі болу туралы өтініштерді қарау нәтижелері бойынша бір судьяға бас тартылды, екінші судьяға – қолдау көрсетілді.
Бұдан басқа, 21 судьяны қызметінен босату ұсынылды, оның ішінде 11 – отставкаға кетуіне байланысты, 2 – зейнеткерлік жасқа толуына байланысты, 2 – басқа жұмысқа ауысуына байланысты, 5 – өз қалауы бойынша, 1 – Сот жюриінің шешімі бойынша.
Соңында Алматы қалалық соты судьясының судья қызметінен босату түріндегі жазаны қолдана отырып, судьялық әдепке қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін Сот жюриінің тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешіміне шағымдану туралы өтініші қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Сот жюриінің шешімі негізді деп танылды.
Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты