
2017 жылғы 24 қарашада «Қазақстанның сот төрелігі жүйесінің сапасын және тиімділігін жақсартуда қазақстандық билікті қолдау» атты Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің бірлескен бағдарламасы шеңберінде «Қазақстан Республикасындағы сот билігінің тәуелсіздігі және сот әкімшілігі мәселелері» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Конференция жұмысында Жоғарғы Сот Төрағасы, Конституциялық Кеңес Төрағасы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы, Бас Прокурор, Әділет министрі, Еуропа Кеңесінің сарапшылары және Еуропа Кеңесі мүше-елдерінің сот жүйесі өкілдері, Парламент депутаттары, Жоғарғы Сот судьялары, Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, азаматтық қоғам мен Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері қатысты.
Қатысушыларды конференция жұмысының ашылуымен құттықтай отырып, Кеңес Төрағасы А.Смолин Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі мүше-елдерінің сот жүйесі өкілдерінің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және тәжірибемен алмасу үшін кездесудің маңыздылығын атап өтті.
Өз баяндамасында А.Смолин елде жүріп жатқан судьялар корпусын қалыптастыру жөніндегі реформалар туралы әңгімелеп, оның ішінде Жоғары Сот Кеңесінің құрылысы мен қызметінің өзгерістеріне тоқталды. Бұл мәселелерде еуропалық серіктес елдердің озық тәжірибесі негізге алынғанын атап өтті.
Кеңес Төрағасы судьяларды іріктеу тетігін жетілдіру мәселесіне ерекше тоқтап, оның нәтижесінде судья лауазымына өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол адамдар тағайындалатынын айтты.
Кездесу соңында конференция қатысушылары қолданыстағы халықаралық тәжірибені жан-жақты талқылап талдау Қазақстан Республикасы сот жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға ықпал ететініне сенімділігін білдірді.
Қазақстан Республикасы
Жоғары Сот Кеңесінің аппараты