2017 жылы 26 желтоқсанда Жоғары Сот Кеңесінің отырысы өтті

2017 жылы 26 желтоқсанда Жоғары Сот Кеңесінің отырысы өтті

2017 жылы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы А.С. Смолинның басшылығымен Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің отырысы өтті.

Отырыста 16 мамандандырылған тергеу сотын құру мәселесі қаралды. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, жергілікті соттарды Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Елбасы құрады.

Тергеу судьялары институты республикада 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген. Тергеу судьясы қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған қызметті атқарады.

Тергеу соттарын құру 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 22-қадамын іске асыруға негізделген, ол бойынша адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу әрекеттерін санкциялау жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беру арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету көзделген.

Тергеу судьялары институты енгізілген уақыт аралығында өз міндетін ақтады. Қылмыстық қудалауға тартылған тұлғалар өз құқықтарын қорғау үшін тергеу судьяларына белсенді жүгінетін болды.  

Бастапқыда тергеу судьяларының өкілеттіктеріне күзетпен ұстауды, үйқамақты және экстрадициялық қамақты, лауазымынан уақытша шеттетуді, жақындауға тыйым салуды санкциялау, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау, мәйітті эксгумациялау, халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарау жатқызылды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, тергеу судьяларының қарауына қосымша қарап-тексеруді, тінтуді, алуды, жеке тінтуді санкциялау мәселелері қосылды.

2017 жылғы 11 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Ол бойынша:

1) барлық қылмыстық процестік әрекеттерді (процестік мәжбүрлеу шаралары мен тергеу әрекеттері) санкциялау өкілеттіктері, сонымен қатар жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу прокуратурадан сотқа берілді;

2) өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамға бұл әрекеттерді заңсыз деп тану және келтірілген залалды өтеу туралы өтінішхатпен сотқа жүгіну құқығы берілді;

3) адвокаттарға сараптама тағайындау және өзге тергеу әрекеттерін жүргізу туралы өтінішхатпен тергеу судьясына жүгіну жөнінде өкілеттіктері берілді.

Тергеу соттарын құру адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдерін арттыруға мүмкіндік беріп, қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында сот бақылауын күшейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар отырыста Жоғарғы Сот Төрағасының республика соттарының кейбір судьяларын қызметке тағайындау және қызметінен босату жөніндегі ұсынымдары қаралды.

Отырыстың қорытындылары бойынша Кеңес тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылдады.

 

Қазақстан Республикасы

Жоғары Сот Кеңесінің аппараты