Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы А.С.Смолинді қабылдады

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы А.С.Смолинді қабылдады

2018 жылы 1 ақпанда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы А.С.Смолинді қабылдады.

Кездесу барысында А. Смолин Президентке Республика судьяларының VII съезінде қойылған міндеттердің орындалуы туралы және Кеңестің 2017 жылғы атқарған қызметінің нәтижелері туралы айтып берді.

Кеңес Төрағасы судьялыққа кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарды күшейтуді және судьяларды іріктеу тәртібін күшейтуді көздейтін Ұлт жоспары 17-ші қадамының іске асырылуы туралы толық баяндады.

А. Смолин осы саладағы заңнамалық новеллаларға тоқталып, судьялыққа кандидаттар жасының 30-ға дейін көтерілуі және аудандық соттар төрағаларын іріктеу тәртібін оңтайландыру жөнінде айтты.

Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан жаңа талаптар бойынша, яғни негізгі жұмыс орнынан қол үзіп және тағылымдамашыға жалақы төленіп тұрақты негізде өтуінің нәтижелері туралы айтып, А. Смолин ондай тағылымдамадан өткен 31 адамның судья қызметіне тағайындалғанын баяндады.

Сонымен қатар А. Смолин Мемлекет басшысына судьялардың бос орындарына конкурстардың нәтижелері туралы хабарлап, іріктеу барынша ашық және жұртшылықтың қатысумен өткізілетінін атап өтті. Судья лауазымына өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол кандидаттар тағайындалатынын, ал судьяларды мансаптық жоғарылату кезде меритократия принципі қатаң сақталатынын айтты.

Одан басқа, Кеңес Төрағасы бір жыл жұмыс істеген судьяларды бағалау қорытындылары туралы, судьялардың Сот жюриі комиссияларының шешімдеріне шағымдану нәтижелері туралы мәлімдеді.

А. Смолин Мемлекет басшысына Кеңестің 2018 жылы атқарылатын жұмысының басым бағыттары туралы, оның ішінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру жөнінде және сапалы судьялар корпусын қалыптастыру туралы баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Қазақстан Республикасы

Жоғары Сот Кеңесінің аппараты