2018 жылы 6 маусымда Кеңесінің кезекті отырысы өтті

2018 жылы 6 маусымда Кеңесінің кезекті отырысы өтті
     2018 жылы 6 маусымда Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Т.С. Донақовтың басшылығымен Кеңестің кезекті отырысы өтті.
     Кеңес отырысының қорытындылары бойынша судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің жаңа механизмі мақұлданды, cудья лауазымына жаңғыртылып отырған біліктілік емтиханы кезеңдерінің мазмұны бекітілді, Аудандық және оған теңестірілген сот төрағасының, облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кадр резерві жөніндегі республикалық комиссияның құрамына өзгеріс енгізілді, сондай-ақ басшылық және жоғары тұрған судьялық лауазымдарға кадр резерві қалыптастырылды.
   Сонымен қатар, Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының зейнеткерлік жасқа толған 2 судьяның қызметте болу мерзімін ұзартуына келісім берді, 8 судьяны қызметінен босату, сондай-ақ 3 сот төрағасының өкiлеттiк мерзiмдерiнің аяқталуына байланысты, оларды басқа соттарға конкурссыз тағайындауға ұсыным берді.
   Бұдан басқа, Жоғары Сот Кеңесінің регламентіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілді, онда кандидаттарды бос судья лауазымдарына критериалды-балдық жүйеге негізделген конкурстық іріктеудің жаңа тәртібін регламенттеу, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген судьялар мен судьялыққа кандидаттардың бос судья орындарына орналасуға конкурсқа қатысу үшін ұсынатын құжаттар тізбесін оңтайландыру көзделген.
    Кеңес отырыстың қорытындылары бойынша тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылдады.
  Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің жаңа механизмі, cудья лауазымына жаңғыртылып отырған біліктілік емтиханы кезеңдерінің мазмұны жөніндегі толық ақпарат Кеңестің интернет-ресурсының «Судьялыққа кандидаттарға арналған ақпарат» бөлімінде орналастырылатын болады.
 
 
 
Қазақстан Республикасы
 Жоғары Сот Кеңесінің аппараты