
2024 жылғы 14 наурызда Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында соттардың жүктемесін оңтайландыруға және сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға бағытталған кейбір жергілікті соттар судьяларының штат санын өзгертуге келісім берілді.
Кеңес мүшелері Жетісу облысы аудандық сотының төрағасы мен Алматы облысы аудандық сотының судьясының Сот жюриінің шешімдеріне шағымдану туралы өтініштерін қарады. Талқылау қорытындысы бойынша екі шешім де орынды деп танылды.
Сондай-ақ судья лауазымында болу мерзімін облыстық соттың бір төрағасының және зейнеткерлік жасқа толған аудандық соттардың екі судьясының шекті жасына жеткенге дейін ұзарту туралы өтініштер қаралды. Қарау нәтижелері бойынша аудандық соттардың екі судьясының өкілеттік мерзімі ұзартылды, облыстық соттың төрағасына өкілеттік мерзімін ұзартудан бас тартылды.
Жоғары Сот Кеңесі аудандық соттардың үш төрағасы лауазымындағы өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты басқа соттың судьясын конкурссыз тағайындауға ұсынымдар берді.
Атқаратын лауазымдарынан босатуға 34 судья ұсынылды, оның ішінде 19 – отставкаға кетуіне байланысты, 4 – зейнеткерлік жасқа немесе судья лауазымында болудың шекті жасына жетуіне байланысты, 3 – басқа жұмысқа ауысуына байланысты, 5 – өз қалауы бойынша, 1 – Сот жюриінің шешімі бойынша, 2 – айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты.
Отырыста Жоғары Сот Кеңесі мен Сот жюриінің Регламентіне, сондай-ақ кадр резервін қалыптастыру қағидаларына түзетулер қабылданды.
Атап айтқанда, өзгерістер судьялар лауазымына конкурстық іріктеу тәртібіне және оның рәсімдерін оңтайландыруға қатысты болды. Мәселен, түзетулерге сәйкес конкурстық комиссия мүшелерімен ауызша сұхбат енді тек қазіргі судья болып табылмайтын кандидаттар ғана өтетін болады. Қазіргі судьялар үшін және кадр резервіне іріктеу кезінде сұхбат кезеңі алынып тасталды.
Бұдан басқа, атқаратын лауазымында екі жылдан аз жұмыс істеген қолданыстағы судьяларды конкурсқа қатысуға жібермеу мерзімін есептеу жарияланған конкурс бойынша құжаттарды қабылдау аяқталған кезде жүргізілетін болады.
Облыстық соттардың судьялары лауазымдарындағы конкурстың қорытындылары бұрын конкурс жарияланған соттарда пайда болған қосымша бос орындар ескеріле отырып шығарылатын болады.
Осы бос жұмыс орындарының пайда болуы туралы ақпарат Кеңестің интернет-ресурсында отырыс басталардан кемінде бес күн бұрын жарияланатын болады.
Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты