Жоғары Сот Кеңесі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

Жоғары Сот Кеңесі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

Жоғары Сот Кеңесінде Астана хабының Мемлекеттік қызмет саласындағы басқарушы комитетімен кездесу өтті.

Құттықтау сөзінде Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шипп судьяларды іріктеу кезінде мемлекеттік қызмет саласында кеңінен қолданылатын әдістер мен құралдар қолданылатынын атап өтті. Ол сондай-ақ қонақтарды кеңестің алдында тұрған функциялармен және міндеттермен, оның ішінде судьяларды конкурстық іріктеу, олардың тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығын күшейту мәселелері бойынша, сондай-ақ судьялардың тәртіптік жауапкершілігі тетіктерін одан әрі жетілдірумен таныстырды.

Өз кезегінде басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Астана хабының қызметі және БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесіп іске асырылатын іс-шаралар туралы хабардар етті.

Қазіргі уақытта Астана хабы қатысушы елдердің қажеттіліктеріне бағдарланған күн тәртібімен әріптестік пен ынтымақтастықтың тиімді тұғырнамасының үлгісі болып табылады. Оны 25 ел және 5 халықаралық ұйым құрды. Хаб қызметінің басым бағыты 43 қатысушы ел арасында тәжірибе алмасуға бағытталған көлденең коммуникациялар болып табылады.

Астана хабында бірлескен зерттеулер жүргізетін және Хабқа қатысушы елдердің бірлескен іс-шараларына қатысатын халықаралық сарапшылардың жеке тізілімі бар.

Астана хабы Басқарушы комитетінің төрағасы өз сөзінде Жоғары Сот Кеңесімен ынтымақтастыққа, кеңес өткізетін іс-шараларға консультативтік және сараптамалық-талдамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Жоғары Сот Кеңесі мен Астана Мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитеті арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Осы Келісім шеңберінде тараптар судья кадрларын іріктеу процестерін жетілдіру, олардың әлеуетін арттыру және осы саладағы үздік халықаралық практикамен танысу мәселелерінде ынтымақтастық туралы уағдаласты.

Келісім екі тарапқа да академиялық материалдармен алмасу, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу іс-шараларын өткізу, сондай-ақ семинарларға, ғылыми конференциялар мен тренингтерге қатысу арқылы ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік қызмет органдарын реформалаудың халықаралық алаңы ретінде өңірлік хаб құруды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму Бағдарламасы бастамашылық еткен болатын. Хабтың миссиясы-мемлекеттік қызметтің институционалдық және адами әлеуетін арттыруда өңірлік және басқа елдер үкіметтерінің күш-жігерін қолдау арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу.

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты