
Мемлекет басшысының сот жүйесін жаңарту жөніндегі тапсырмасын және жоғары білікті заңгерлердің судьялық кәсібіне ағынын іске асыру мақсатында Жоғары Сот Кеңесі жоспарлы жұмыс жүргізуде.
Іріктеу критерийлерін жетілдіру және Жоғары Сот Кеңесінің қызметінде HR-менеджмент компоненттерін пайдалану судья кадрларын қалыптастыру институтын одан әрі дамытудың тұрақты негізін қалады.
2023 жылы соттарға конкурстық іріктеу шеңберінде алғаш рет 146 кандидат ұсынылды (2022 жылы – 121).
Жоғары Сот Кеңесінде судьялық лауазымдарға кандидаттарды іріктеу рәсімдері мен өлшемшарттарын одан әрі жетілдіру мақсатында біліктілік емтиханы және конкурстық іріктеу шеңберінде құзыреттер бойынша сұхбат жүргізу бойынша екі күндік семинар-тренинг өтті. Оған Кеңес мүшелері, Біліктілік комиссиясы, сондай-ақ Аппарат қызметкерлері қатысты.
Семинар спикері ретінде HR-менеджмент саласындағы халықаралық сарапшы, «Тeam lead» компаниясының басқарушы серіктесі Владимир Шиков сөз сөйледі, ол персоналды бағалауға және дамытуға бағытталған тренингтер өткізуде 18 жылдан астам тәжірибесі бар, сондай-ақ көшбасшылар тобын құру және біріктіру бойынша өзінің оқыту әдістемесінің авторы болып табылады.
Практикалық семинар-тренинг аясында қатысушыларға кандидаттар мен қазіргі судьялармен сұхбаттасуға қойылатын негізгі талаптар туралы ақпарат ұсынылды: судьяларды іріктеудің осы маңызды кезеңінде неден аулақ болу керек және неге ерекше назар аудару керек.
Семинарда басқарушылық (стратегия, көшбасшылық) және жалпы құзыреттіліктерді (нәтижелілік, сыни, клиентке бағдарлану, өзін-өзі дамыту, коммуникация және адалдық) қамтитын әмбебап модель талқыланды.
Кеңес пен Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясының мүшелері іс-шараның практикалық бөлігіне мүдделі қатысты және алған дағдыларын ескере отырып, құзыреттер бойынша сұхбат жүргізу бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
Соңында сындарлы пікір алмасу өтті және семинар тақырыбы бойынша қызықтырған сұрақтарға маманнан жауаптар алынды.
Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты