Жоғары Сот Кеңесінің отырысы туралы

Жоғары Сот Кеңесінің отырысы туралы

2023 жылғы 20 желтоқсанда Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда сот жүйесінің ұйымдық-кадрлық мәселелері қаралды.

Отырыста Кеңес аудандық және оларға теңестірілген соттар судьяларының 310 бос орынға арналған конкурс қорытындысын шығарды. Судьялық лауазымдарға тағайындауға ұсынылған кандидаттар туралы мәліметтер Кеңес отырысының онлайн-трансляциясы кезінде жарияланды.

Ұсыным алған тұлғалар туралы толық ақпарат қосымша орналастырылады.

Сонымен қатар, Кеңес зейнеткерлік жасқа толған 3 судьяға қатысты шекті жасқа толғанға дейін судья лауазымында одан әрі болу туралы мәселені қарады. Қарау нәтижелері бойынша 2 судьяға келісім берілді және 1 судьяға лауазымында болу мерзімін ұзартудан бас тартылды.

12 адам орнынан түсуіне, басқа жұмысқа ауысуына, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссияның кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сәйкес келмеуі туралы шешімі бойынша, Сот жюриінің шешімі бойынша тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін, қайтыс болуына байланысты қызметтен босатуға ұсынылды. Бұдан басқа, аудандық соттардың 6 төрағасына өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты, оларды осы соттарда судьялар болып қалдыруына байланысты қызметтен босатуға ұсынылды, сондай-ақ аудандық соттың бір төрағасын сот төрағасы лауазымындағы өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты конкурссыз басқа соттың судьясы болып тағайындалды.

Кеңес мүшелері аудандық соттардың 2 судьясының Сот жюриінің шешімдеріне шағымдану туралы және аудандық соттың 1 судьясының – Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешіміне шағымдану туралы өтініштерін қарады. Өтініш білдіргендердің арасында – Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының судьясы Н.Б. Шетенов. Талқылау қорытындысы бойынша барлық шешімдер негізделген деп танылды.

Бұдан басқа, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі мен кадр резерві жөніндегі комиссияның құрамына өзгерістер енгізілді, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің Регламентіне және кадр резервімен жұмысты қалыптастыру және ұйымдастыру қағидаларына түзетулер қабылданды.

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты