Мемлекет басшысының судьялардың жауапкершілігін күшейту туралы тапсырмасын іске асыруға байланысты ағымдағы жылы 8 желтоқсанда Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің төрағасы А.А. Қасымов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы – Жоғарғы Соттың жалпы отырысының хатшысы Г.Ж. Әлмағамбетовамен бірлесіп судьялардың тәртіптік жауапкершілігінің өзекті мәселелері бойынша облыстық және оған теңестірілген соттармен онлайн-семинар өткізді.
Онлайн форматта өткізілген семинар жұмысына облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, судьялық әдеп жөніндегі комиссиялардың төрағалары, осы соттардың жалпы отырыстарының хатшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Г.Ж. Әлмағамбетова онлайн-семинарға қатысушыларға «Қазақстан Республикасы судьяларының сот жүйесі мен мәртебесі туралы» Конституциялық заңның нормаларын және Жоғарғы Сот бекіткен Облыстық және оған теңестірілген соттың жалпы және кеңейтілген жалпы отырысының үлгілік регламентінің (бұдан әрі – Үлгілік регламент) ережелерін судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуге бастамашылық жасау туралы мәселені қарау бөлігінде түсіндірді. Сонымен қатар, облыстық және оған теңестірілген соттардың регламенттерін үлгілік регламентке сәйкес келтіру қажеттігіне назар аударылды.
Сот жюриінің төрағасы А.А. Қасымов онлайн-семинарға қатысушылардың назарына судья заңдылықты өрескел бұзуға жол берген әрбір күші жойылған сот актісін Сот жюриінің тексеру тетігін енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша қабылданып отырған шаралар туралы ақпаратты жеткізді. Сонымен қатар, соттар мен сот алқалары төрағаларының төмен тұрған соттар жол берген заңдылықты өрескел бұзушылықтарды дұрыс саралау қажеттігіне назар аударылды. Бұдан басқа, Сот жюриінің тәртіптік істердің кейбір санаттарын қарау тәсілдері түсіндірілді.
Онлайн-семинар қорытындылары бойынша пікір алмасу жүргізілді, іс-шара тақырыбы бойынша қойылған сұрақтарға баяндамашылар жауап берді.
Қазақстан Республикасының
Жоғары Сот Кеңесінің аппараты