Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот судьяларын ұсынды

Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот судьяларын ұсынды

13 маусымда Жоғары Сот Кеңесінің отырысында ағымдағы жылдың 8 ақпанында жарияланған Жоғарғы Сот судьяларының бос орындарына арналған конкурстың қорытындысы шығарылды.

Осы жылдың наурыз айында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес Жоғарғы Сот судьясы лауазымына кандидатураларды Кеңес Сенатқа балама негізде енгізу үшін Мемлекет басшысына ұсынады.

Осыған байланысты, конкурс шеңберінде кемінде екі кандидаттың ішінен ең лайықтысын таңдау мүмкіндігі көзделген. Бұл жаңалық Жоғарғы Сот судьяларын іріктеудің объективтілігін және ең лайықты кандидаттарды таңдауды арттырады.

Жоғарғы Сот судьяларының жалпы 4 бос лауазымына 106 кандидат үміткер болды. Конкурс кешенді бағалаудан, кандидаттарды цифрлық критерийлер жүйесі бойынша арнайы компьютерлік бағдарламамен бағалаудан, құзыреттер бойынша сұхбаттардан тұрды.

Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен этиканы сақтау зерттелді, судьялық еңбек өтілі және басқа да көрсеткіштер ескерілді.

Қоғамдық пікірді зерделеу үшін кандидаттар туралы мәліметтер кеңестің сайтында орналастырылды, осылайша жұртшылық, оның ішінде заң қоғамдастығының өкілдері әрбір үміткер туралы өз пікірлерін қалдыра алады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен Бұқаралық ақпарат құралдарында үміткерлер туралы мәліметтердің болуына мониторинг жүргізілді.

Сондай-ақ, конкурстық комиссияның кандидаттарды алдын ала қарауы өтті, оның құрамына судьялармен қатар адвокаттар, прокуратура және академиялық қоғамдастық өкілдері кіреді. Кандидатуралар бұдан кейін Кеңес отырысында қаралды.

Конкурсқа қатысуға рұқсат алған 106 қатысушының ішінен Жоғарғы Сот судьялары лауазымына 9 адам іріктелді.

Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымдарын алған кандидаттар республиканың облыстық соттарының тәжірибелі іскер судьялары болып табылады, олардың бірі алқа төрағасы, 5-і кадр резервінде болды. Іріктелген конкурсқа қатысушылар Жоғарғы Соттың жалпы отырысының және кандидаттардың жұмыс орны бойынша облыстық соттардың жанындағы Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің оң қорытындыларын алды.

Ұсынылған 9 судьяның 3-і ер, 6-ы әйел адам, ведомстволық наградалары бар. Іріктелген үміткерлердің орташа жасы – 56 жас, заңгерлік өтілі – 32 жыл, сот жүйесіндегі тәжірибесі – 26 жыл.

Ұсынымдар алған адамдардың тізімі Кеңестің ведомстволық сайтында орналастырылған. Сондай-ақ, аудандық соттар судьяларының лауазымдарына конкурстың қорытындысы аудандық соттар судьяларының қосымша ашылған бос орындарын ескере отырып, кейінірек шығарылатынын еске саламыз.

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты