
2023 жылғы 1 маусымда Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда сот жүйесінің ұйымдастырушылық-кадрлық мәселелері қаралды.
Отырыста Кеңес ағымдағы жылдың 8 ақпанында облыстық соттың алқа төрағасы, облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының, аудандық және оларға теңестірілген соттар төрағаларының 65 бос орнына жарияланған конкурстың қорытындысын шығарды.
Судьялық лауазымдарға тағайындауға ұсынылатын кандидаттар туралы мәліметтер Кеңес отырысының онлайн-трансляциясы кезінде жарияланды.
Ұсыным алған тұлғалар туралы толық ақпарат қосымша орналастырылады.
Сонымен қатар, Қостанай облыстық соты судьясының Сот жюриінің лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешіміне шағымдану туралы өтініші қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Сот жюриінің шешімі негізді деп танылды.
Отставкаға кетуге, басқа жұмысқа ауысуға, өз еркімен, Сот жюриінің шешімі бойынша, айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне және қайтыс болуына байланысты қызметтен босатуға 17 адам ұсынылды.
Бұдан басқа, Жетісу облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы осы соттың судьясы ретінде қалдыра отырып, өз еркімен қызметтен босатылуға ұсынылды, ал Қарағанды облысы Нұра аудандық сотының төрағасы өз еркімен атқаратын лауазымынан босатыла отырып, Теміртау қалалық сотының судьясы ретінде конкурстан тыс тәртіппен тағайындауға ұсынылды.
Кеңес зейнеткерлік жасқа толған Алматы қаласы, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары аудандық соттарының екі төрағасы мен үш судьясының шекті жасына жеткенге дейін судья лауазымында болу мерзімін ұзарту туралы өтініштерді қарады. Қарау қорытындысы бойынша судьялардың өкілеттіктерін ұзартудан бас тартылды.
Бұдан басқа, Кеңес кәсіби қызметін бағалаудан өткен 58 судьяның (Жоғарғы Соттың 4 судьясы және аудандық соттардың 54 судьясы) бір жылдық жұмысының нәтижелерін бекітті.
Сондай-ақ, отырыста Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді.
Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты