Жоғары Сот Кеңесінің отырысы туралы

Жоғары Сот Кеңесінің отырысы туралы

2023 жылғы 13 сәуірде Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда сот жүйесінің ұйымдық-кадрлық мәселелері қаралды.

Отырыста Кеңес облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының 11 бос орынға құқықтың жекелеген салаларындағы мамандарға арналған конкурстың қорытындысын шығарды.

Судьялар тағайындауға ұсынылатын кандидаттар туралы мәліметтер алғаш рет Кеңес отырысының онлайн-трансляциясы кезінде жарияланды. Бұл жаңашылдық 2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы қол қойған және конкурстық рәсімдерді онлайн-трансляциялауды енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулермен айқындалған.

Ұсыным алған тұлғалар туралы толық ақпарат қосымша орналастырылады.

Бұдан басқа, соттардың қайта ұйымдастырылуына, Сот Төрағасы лауазымындағы өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты және Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі негізінде басқа соттарға 6 судьяны конкурстан тыс тағайындау туралы ұсынымдар қабылданды. Отставкаға кетуге, басқа жұмысқа ауысуға, айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне және қайтыс болуына байланысты қызметтен босатуға 16 судья ұсынылды.

Сондай-ақ, Кеңес отырысы барысында зейнеткерлік жасқа толған Абай облысы Бородулиха аудандық сотының судьясы лауазымының мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды.

Кеңес отырысында қаралған тағы бір мәселе-Кеңес жанындағы Сот жюриінің қосалқы мүшелерін бекіту. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық сотының судьясы А. М. Әли және Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А. А. Бейімбетов қосалқы мүшелер болып тағайындалды.

Бұдан басқа, отырыс шеңберінде Кеңес жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің стратегиялық жоспарлау және талдау Департаменті директоры  Қ.С. Айтақынды енгізуге келісім берілді.

Бұдан басқа, 2023 жылғы наурыз айында қолданыстағы заңнамаға сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша енгізілген түзетулерге байланысты Кеңес Регламентіне түзетулер бекітілді.

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты