
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы № 973 Жарлығымен Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында жаңа соттар құрылды.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 29-бабының 6-тармағына сәйкес аудандық сот төрағасы мен судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Конституциялық заңның 29-бабының 4-тармағына сәйкес облыстық соттың судьясы болу үшін азамат үміттеніп жатқан облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алуға тиіс.
Қазіргі уақытта Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының соттары толық көлемде жинақталмағанын және барлық соттар тиісті өңірлерге көшірілмегенін ескере отырып, сонымен қатар Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы судьялар а. ж. 9 тамызға дейін Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жұмыс істегенін және олардың жұмысы туралы барлық мәліметтер бұрынғы соттарда екенін назарға ала отырып, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстық соттарының жалпы отырыстарының қорытындыларын алуға тиіс кандидаттарды қарау тиісті облыстық соттардың бірлескен жалпы отырыстары шеңберінде жүргізілетін болады (Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу облысы және Алматы облысы, Ұлытау облысы және Қарағанды облысы).