
Жоғары Сот Кеңесі жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына кадр резервіне қосымша өтініштер мен құжаттарды қабылдау туралы хабарлайды
Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының құрылуына байланысты Жоғары Сот Кеңесі 2022 жылғы 16 тамыздан бастап Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының соттарына жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына кадр резервіне тұруға өтініштер мен құжаттарды қосымша қабылдауды жариялайды.
Өтініштер мен құжаттарды қабылдаудың соңғы күні – 8 қыркүйек.
Судьялық кадр резервін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Кезең-кезеңмен, кейінгі іріктеулер қорытындыларына қарай, жаңа кандидаттар есебінен резерв тұрақты негізде жаңартылып отырады (оның ішінде жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына тағайындалғандар, сондай-ақ Аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасының, облыстық және оған теңестіріліген соттың төрағасының, сот алқасының төрағасы мен судьясының, Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы мен судьясының лауазымдарына кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмысты ұйымдастыру қағидаларында (бұдан әрі – Қағида) көзделген жағдайларда адамдар резервтен шығарылады). Қағидаға сілтеме.
Кадр резервіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның біліктілік талаптарына сәйкес келетін, судья қызметінде немесе заң мамандығы бойынша қажетті жұмыс өтілі бар, жұмыс көрсеткіштері жақсы, беделі мінсіз және ұйымдастырушылық қабілеті адамдар қабылданады, оның ішінде:
1) жұмыс істеп жүрген судьялар;
2) бұрын судья болып жұмыс істеген адамдар (кемінде бес жыл судьялық өтілі болған жағдайда судья қызметінен босатылған күннен бастап төрт жыл ішінде);
3) судьялыққа кандидаттар (Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген немесе судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырған және соттарда тағылымдамадан өткен адамдар, кемінде 15 жыл заңгерлік өтілінің және мінсіз беделінің болуы туралы біліктілік талаптарына сай болған кезде облыстық соттың судьясы лауазымына резервке).
Кадр резервін мынадай лауазымдар бойынша қалыптастырады:
1) аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасы;
2) облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы;
3) облыстық және оған теңестірілген соттың сот алқасының төрағасы;
4) облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы;
5) Жоғарғы Соттың судьясы;
6) Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы.
Кадр резервіне тұруға мыналар құқылы:
1) аудандық және оған теңестірілген сот төрағасының лауазымына – тиісті біліктілігі бар және беделі мінсіз, сондай-ақ ұйымдастырушылық қабілеттері бар судьялар немесе судьялық қызметте кемінде бес жыл өтілі бар адамдар;
2) облыстық және оған теңестірілген сот судьясының лауазымына – тиісті біліктілігі бар және беделі мінсіз, судьялық қызметте кемінде бес жыл өтілі немесе заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар судьялар мен басқа да адамдар;
3) облыстық және оған теңестірілген соттың сот алқасының төрағасы мен төрағасының лауазымына – тиісті біліктілігі бар, беделі мінсіз және ұйымдастырушылық қабілеттері бар судьялық қызметте кемінде он жыл өтілі бар судьялар немесе басқа да адамдар;
4) Жоғарғы Сот судьясының лауазымына – тиісті біліктілігі бар, беделі мінсіз, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде он жылы судьялық, оның бес жылы облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі бар судьялар немесе басқа да адамдар;
5) Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының лауазымына – Жоғарғы Соттың судьялары.
Кадр резервіне тұруға ниет білдірген адамдар өзі резервке тұруды қалайтын лауазымды көрсетіп, Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) өтініш (нысанын жүктеп алу) береді. Бұл ретте, лауазым санатына қарай сот алқасының, соттардың атауы мен маманданымы, сондай-ақ өзі жұмыс істеуді қалайтын республика өңірлері міндетті түрде көрсетілуге тиіс:
1) Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының лауазымына – сот алқасы (азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер жөніндегі);
2) облыстық соттың сот алқасы төрағасының лауазымына – сот алқасы (азаматтық, қылмыстық әкімшілік істер жөніндегі);
3) облыстық сот судьясының лауазымына – облыстық сот;
4) аудандық сот төрағасының лауазымына – аудандық сот.
Бірнеше облыстық немесе аудандық сотты, барлық облыстық немесе аудандық соттарды, барлық сот алқаларын, нақты бір облыстағы аудандық соттарды, облыс орталықтарында орналасқан аудандық соттарды, нақты маманданым бойынша соттарды (экономикалық, әкімшілік және т.б.) көрсетуге болады.
Тиісті білімі болған жағдайда, бір адам бірнеше санаттар бойынша (мысалы, азаматтық және қылмыстық алқа төрағаларының лауазымдарына) немесе бірненше облыстар бойынша резервте тұра алады.
Жұмыс істеп жүрген судьялар Комиссияға тиісті өтініш қана береді (өтініш судьяның өз қолымен жазылып, қолма-қол берілуі немесе почта арқылы, сондай-ақ электрондық түрде, ЭЦҚ қойылып, Төрелік АЖ арқылы жіберілуі мүмкін).
Жұмыс істеп жүрген судьяларға қатысты мінездемелерді, жұмыс көрсеткіштерін, шағымдар туралы, тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны, жоғары тұрған сот сатыларының ескертпе-хаттары, заңдылықты бұзғаны жөніндегі прокурорлардың ұсынымдары туралы мәліметтерді Комиссия облыстық соттардан дербес сұратады.
Жұмыс істеп жүрген судья болып табылмайтын адамдар өтінішіне мынадай құжаттарды қоса беруге тиіс:
1) кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақ – оқу үшін түсінікті жазумен өз қолымен толтырылады.
Оқу мекемесінің атауы дипломда жазылуына сәйкес көрсетіледі. Болған жағдайда заң мамандығы бойынша орта арнаулы білімін міндетті түрде көрсету қажет.
Еңбек қызметі туралы мәліметтерді көрсеткен кезде сондай-ақ жоғары және орта оқу орындарында оқыған мерзімі, әскери қызметі, қосымша жұмысы қоса енгізіледі. Мекемелерді, ұйымдарды, кәсіпорындарды, сондай-ақ министрліктерді (агенттіктерді, ведомстволарды), олардың орналасқан орындарын көрсеткен кезде олардың осы адамның еңбек қызметі кезінде қолданылған атауын пайдалану қажет. Адамның еңбек қызметі туралы мәліметтер еңбек кітапшасында және басқа құжаттарда жазылуымен толығымен сәйкес болуы тиіс.
Мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары болған жағдайда, жеке парақта олардың түрін көрсету, сондай-ақ мемлекеттік немесе ведомстволық наградалардың берілгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса беру қажет.
Ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы болған жағдайда, жеке парақта бұл туралы көрсетіп, сондай-ақ ғылыми дәреженің немесе ғылыми атақтың берілгенін растайтын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін қоса беру қажет.
«Үйінің мекенжайы және телефоны» бағаны толтырған кезде нақты тұрғылықты жерінің мекенжайы мен телефон (ұялы, үй және жұмыс) нөмірлерін көрсету қажет;
2) өмірбаян – өміріндегі ең маңызды оқиғалар міндетті түрде сипаттала отырып, еркін нысанда жазылады.
Өмірбаян қолы мен жазылған күні қойылып, өз қолымен (оқуға түсінікті және ұқыпты) жазылады;
Өмірбаянда кандидатқа, жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы, сотқа дейінгі тергеудің жүргізілгені, оның ішінде ақталатын немесе ақталмайтын негіздер бойынша кейін қысқартылғаны туралы мәліметтер міндетті түрде көрсетіледі;
3) жеке куәліктің көшірмесі. Қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттың көшірмесі ұсынылған жағдайда материалдар кері қайтарылуға жатады;
4) жоғары заң білімі туралы диплом мен оған қосымшаның нотариалды куәландырылған көшірмелері. Болған кезде – сондай-ақ орта арнаулы заң білімі туралы диплом мен оған қосымшаның нотариалды куәландырылған көшірмелері.
Қосымша (арнаулы) білімі болған жағдайда – диплом мен оған қосымшаның нотариалды куәландырылған көшірмелері;
5) еңбек кітапшасының немесе Еңбек кодексінің 35-бабында көрсетілген қызметкердің еңбек қызметін растайтын өзге де құжаттардың нотариалды куәландырылған немесе жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған көшірмелері.
Жұмысы туралы мәліметтер еңбек кітапшасына енгізілмейтін немесе толық көлемде енгізілмейтін қызметкерлер (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері), оның ішінде бұрын қызмет атқарғандар үшін, еңбек кітапшасының көшірмесінен басқа, тиісті кадр қызметінің басшысы куәландырған қызметтік тізімнің көшірмесін немесе кадр қызметі куәландырған нақты лауазымдары көрсетілген анықтама ұсыну қажет.
Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан жұмыстан босатылған жағдайда адамдар жұмыстан босату туралы бұйрықтарынан үзінділер ұсынады;
Бұрын судья болып жұмыс істеген адамдар сондай-ақ судья болған соңғы үш жыл ішіндегі жұмысының көрсеткіштері туралы анықтаманы, көрсетілген кезеңде тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны, осы кезенде келіп түскен шағымдар, жоғары тұрған сот сатыларының ескертпе-хаттары, заңдылықты бұзғаны туралы прокурорлардың ұсынымдары туралы мәліметтерді ұсынады. Анықтамаларға тиісті облыстық сот төрағасының қолы қойылып, күні көрсетіліп, осы соттың мөрімен бекітілуі тиіс.
Кандидат тәртіптік жауапкершілікке тартылған не оның іс-әрекеттеріне шағымдар, жоғары тұрған сот сатыларының ескертпе-хаттары, заңдылықты бұзғаны туралы прокурорлардың ұсынымдары түскен жағдайда, онда тиісті анықтамада тәртіптік жауапкершілікке тартылу негізі, жаза қолданылған күн және оның түрі, уәждері расталған әрбір шағымның мәні мен оны қарау нәтижелері, ескертпе-хаттар мен прокурорлардың ұсынымдарының мәні мен оларды қарау нәтижелері көрсетілуі қажет.
Кандидаттар өзінің біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне және беделіне қатысты қосымша ақпарат ұсына алады.
Ұсынылған барлық құжаттарда қол қойылып, жасалған немесе бекітілген күні, қажет болған жағдайда – тіркеу нөмірі мен күні болуы тиіс.
Өтініштер мен көрсетілген құжаттар ағымдағы жылғы 8 қыркүйекке дейінгі (қоса есептегенде) мерзімде мына мекенжайға ұсынылуы тиіс: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл өзенінің сол жағалауы, Мәңгілік Ел даңғылы 8, Министрліктер үйі, № 1В кіреберіс, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі.
Анықтама үшін телефондар: 8(7172) 74-96-40, 74-99-10.