
Ағымдағы жылдың 14 шілдесінде Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі судьялардың тәртіптік жауапкершілігі мәселелері бойынша онлайн семинар өткізді.
Қашықтық форматтағы онлайн семинарға Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының аудандық және облыстық деңгейдегі соттарынан төрт жүзден астам судья қатысты.
Онлайн семинарда Сот жюриінің төрағасы А.А. Қасымов Сот жюриінің жұмысы туралы ақпарат ұсынды, судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін ескіру мерзімдерін ұлғайту, облыстық және оған теңестірілген соттар төрағаларының материалдарды Сот жюриіне беру туралы мәселені жалпы отырыстың талқылауына уақтылы шығармағаны үшін жауапкершілігін белгілеу туралы заңнамалық түзетулерді, сондай-ақ Сот жюриіне материалдарды беру туралы тәртіптік істердің жекелеген санаттарын қарау тәртібін жетілдіруге бағытталған 2021 жылдың соңында қабылданған өзге де түзетулер туралы түсіндірді.
Сот жюриінің төрағасы апелляциялық сатыдағы сот алқалары төменгі сатыдағы соттардың заңды өрескел бұзу фактілерін анықтаған кезде судьяларға қатысты тәртіптік іс қозғау кезінде объективтілікті сақтау, судьяның әрекетіне жан-жақты баға беру қажеттілігіне назар аударды. Сонымен қатар, судья әдебі нормаларының бұзылуына байланысты тәртіптік істерді қараудағы Сот жюриінің тәсілдері түсіндіріліп, тәртіптік практика барысында туындайтын проблемалық мәселелер талқыланды.
Бұдан басқа, Жоғары Сот Кеңесінің аппараты аталған соттардың жауапты қызметкерлерінің назарына судьяларға қатысты Сот жюриінің қарауына жолданатын тәртіптік істер мен материалдарды ресімдеуге Регламентте белгіленген талаптарды жеткізді.
Қазақстан Республикасы
Жоғары Сот Кеңесінің аппараты