2022 жылғы 27 мамырда Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті

2022 жылғы 27 мамырда Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті
2022 жылы 27-мамырда Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысы барысында бірқатар мәселелер, соның ішінде ел аумағындағы соттардың судьяларын қызметтерінен босату туралы мәселелер қаралды. Босатуға негіз болған себеп — отставкаға кету, зейнеткерлік жасқа жету және басқа жұмысқа ауысу.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе — Жоғарғы Сот судьяларының, облыстық және оларға теңестірілген сот алқалары төрағалары мен судьяларының, аудандық және оларға теңестірілген соттар төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына конкурстық іріктеудің қорытындыларын шығару.

Жоғары Сот Кеңесі 2022 жылы 31-қаңтарда, 8-ақпанда және 14-наурызда 296 бос орынға жарияланған конкурстардың қорытындыларын шығарды. Оның ішінде:

Жоғарғы Сот судьяларының 4 бос орнына (74 үміткер);
Облыстық соттардың сот алқалары төрағаларының 12 бос орнына (94 үміткер);
Облыстық соттар судьяларының 18 бос орнына (162 үміткер);
Аудандық сот төрағаларының 89 бос орнына (191 үміткер);
Аудандық соттар судьяларының 173 бос орнына (217 үміткер);

Лауазымдар мен аймақтарға байланысты кандидаттардың саны әртүрлі болды. Мысалы, Алматы қаласы аудандық соттарының төрағалары лауазымдарына 1 орынға 27 адам үміткер болса, 7 соттың төрағасы лауазымына бір де бір үміткер өтініш бермеген. Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» аудандық соты судьясының бос лауазымдарына – 89 адам өтініш білдірсе, Павлодар облысы Ақсу қалалық сотына жалғыз үміткер тіркелген.

Кеңес қабылдаған шешімдер бойынша толық ақпарат ЖСК ресми сайтында жарияланады.

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты